Мүфтият жұма намазын жамағатпен оқуға қатысты мәлімдеме жасады
ҚМДБ жамағатты Үкімет шешіміне түсіністікпен қарауға шақырды
Жуырда мемлекеттік ведомствоаралық комиссиясының (ВАК) селекторлық отырысының шешімі бойынша 2 қарашадан бастап еліміздің барлық мешіттерінде (жұма намазын қоспағанда) бес уақыт намаз өткізуге рұқсат берілген болатын.
Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттерде жұма намазын оқуға қатысты ел тұрғындарына мәлімдеме жасады.
«Біріншіден, қазіргі уақытта еліміздің мешіттерінде күнделікті бес уақыт намаз жамағатпен оқылады, алайда жұма намазы уақытша оқылмайды. Осыған орай, ҚМДБ мұсылман қауымын мемлекет заңына мойынсұнуға және түрлі арандатушылық әрекеттерге салынбауға шақырады. Өйткені, Әбу Ханифа мәзһабында жұма намазы дұрыс болуы үшін Мемлекет басшысы немесе оның орынбасары жалпы рұқсат (изн ғам) беруі шарт», – деп түсіндірді.
Мүфтият «Жұма намазын оқуға рұқсат етілмеген жағдайда, бесін намазы күндегідей жамағатпен оқылады» деген Ханафи мәзһабындағы сөзді мысалға келтірді. Сондықтан жұма күні бесін намазы мешіттерде санитарлық талаптарды сақтаған жағдайда жамағатпен оқуға рұқсат етіледі немесе үйінде оқиды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жамағатты Үкіметтің жұма намазын уақытша тоқтатуына байланысты шешіміне түсіністікпен қарауға және оған сабырлық танытуға шақырды.