Атырауда жасырын тойға атсалысқан асабалар да жауапқа тартылады
Айыппұлды елемеген екі шоумен іздестіріліп жатыр
Атырауда енді эпидемияға қарсы шараларды бұзғаны үшін жасырын үйлену тойларын ұйымдастырушылар ғана емес, қонақтардың көңілін көтеретін асаба, фото-видеооператорлар да жазаланады. Бұл туралы azh.kz хабарлайды.
«Олар да құқық бұзушылар, сондықтан жауапқа тартылады», - деді Атырау қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Бақытбек Хамза.
Қалалық СЭС-ке астыртын өткізілген той-жиындарға қатысты үш әкімшілік іс түскен. Бірінде асабаға ҚР Әкімшілік кодексінің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын бұзу) бойынша хаттама толтырылды. Екі шоумен айыппұлды елемеген, олар іздестірілуде.
Еске сала кетейік, жеке тұлғаларға қатысты шектеу шараларын бұзғаны үшін айыппұл – 83 мың теңге, ал жеке кәсіпкерлер үшін 600 мың теңгеден асады.