$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.10.2020, 22:25
Қоғам

Қордай ауданында 366 жоба іске асты

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауданда төрт жүзге жуық жобаны іске асыру жоспарланған еді

Қордай ауданында 366 жоба іске асты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырманың орындалуы туралы есеп берген аудан әкімі Рүстем Дәулеттің айтуынша, жалпы сомасы 35,1 миллиард теңгені құрайтын 392 жобаның 366 нысанында жұмыс аяқталған. Қалған нысандар жыл соңына дейін бітуі керек. 

«Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл - Ел бесігі», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында жүзеге асырылып жатыр. Мектептер, тұрғын үйлер, мәдени және спорт мекемелері, денсаулық сақтау нысандары, жолдар салынуда, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар тартылып, ауылдар газ және су жүйелеріне қосылуда», - деді Р.Дәулет.

7,4 шақырым жаңа автомобиль жолы салынып, 343,6 шақырым жол жөнделген. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 90 пайызға, ал ауылішілік көшелердікі 75 пайызға жеткен. Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Бұлар батыр, Аухатты, Қордай, Әлжан ана, Қарасай, Еңбек сынды барлығы 9 ауылдың көшелері толық асфальтталып, 373 жол белгісі қойылған. Есесіне жол апаты 9,7 пайызға азайған көрінеді. 

«Аудан бойынша 1524 тұрғын үй кезегінде тұрса, бес көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген. Тағы екі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында тағы 15 үй салынып жатыр», - деді есеп берген аудан әкімі Р. Дәулет.

Жалпы сомасы 1,3 миллиард теңгеге төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және үш мектептің құрылысы жүріп жатыр. 

Қазіргі уақытта аудандағы 22 ауылда газ тарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін 10 ауылға магистральды газ құбыры тартылған. Қарасу мен Өтеген ауылдары көгілдір отынға қосылып үлгерсе, қалған сегіз елді мекенде  ауылішілік желілер тартылып жатыр. 

«Жоспарланған 175 шақырымдық газ құбырының 84 шақырымы бітті. Жыл соңына дейін тағы 12 ауылды, сондай-ақ Гвардейский қалашығында салынып жатқан иммундық препараттар шығаратын зауытты да газға қосу жоспарланған. Қазіргі таңда Отар аулының маңынан автоматтандырылған газ тарату стансасы салынуда. Бұл жобаның құны 1 миллиард теңгеден асады», - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев. 

Биыл орталықтандырылған ауыз сумен қамту жүйесі төрт ауылға тартылады. Осы мақсаттарға облыстық және республикалық бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлінген. Тұрғындарды татуластыру және олардың мәселесін шешу мақсатында «Бейбітшілік және келісім» жобасы барысында 80 адам жұмысқа орналасқан.  

«Мемлекет басшысының қолдауының арқасында қордайлықтардың әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай көлемді қаражат бөлінуде. Ауылдықтардың өздеріне жасалып жатқан қамқорлықты сезінуі маңызды. Аудан тұрғындарының 95% астамы газбен қамтылады, 88% орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізеді, жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі үлесі 90% жетті. Ең маңызды мәселе – газдандыру. Бұл мәселені шешу аймақ экономикасын көтеруге, кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етеді», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ауданда ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау және нығайту жұмыстары негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. 

Әмірболат Құсайынұлы, Жамбыл облысы

Серіктес жаңалықтары