Түркістан облысында арықтан су ішетін, жарығы жиі сөнетін бір ауыл бар
Өзбекстанмен шекаралас аймақта орналасқан елдімекенде интернет те дұрыс ұстамайды

Түркістан облысына қарасты Жартытөбе ауылдық округінің Достық-1 елдімекені ауыз суға жарымай келеді. Халық өмір бойы ауыл маңындағы канал суын тұтынып келген. Алайда, қазір бұл жердің суы ішуге жарамсыз. Суға түрлі қоқыстар мен өлекселерге дейін тасталады екен. Алайда, тұрғындардың күнделікті осы суды пайдаланбасқа амалы жоқ.
Осыдан 15 жыл бұрын ауылда су құбыры салынып, тіпті, ашылу рәсімі салтанатты түрде өткен. Бірақ тұрғындардың айтуынша, әлі күнге дейін сол құбырдан бір тамшы да су ақпаған. Құдығын қурай басып, іші күл-қоқысқа толған. Ауылда бұдан да өзге мәселелер көп болып шықты.
Azattyq Rýhy тілшісі ауыз суды әлі күнге дейін арықтан ішетін, интернеті сапасыз, жарығы жиі сөнетін, күн жауса жолы батпаққа айналатын ауылдың жайын біліп көрген еді.
80 МЛН ТЕҢГЕ ҚҰРДЫМҒА КЕТТІ МЕ?
Сарыағаш ауданы Жартытөбе ауылына ауыз су көлікпен жеткізіледі. Литрін 10 теңгеден сатып алуға қалтасы көтермейтін жұрттың көбі әлі де сол арықты жағалап, суын ішіп жүр.
«Ауыз судың зардабын әбден тарттық. Біздің ауылда 2 мыңға жуық адам тұрады. 312 отбасы түтін түтетіп отыр. 2005 немесе 2006-шы жылдары шамасы болуы керек, ауылға су құбыры тартылып, көшелер қазылып, «Енді ауыз суға қарық боламыз» деп бөркімізді аспанға атқан едік. Ашылу рәсіміне Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары келіп, «Аудандағы стратегиялық маңызы бар 7 нысанның бірін ашқалы отырмыз» деп бір қуантты. Сол кездің өзінде су құбыры әлі толық тартылмаған еді. «Шаруа бітпей жатып ашып отырғандарыңыз қалай? Барып қараңыздар, су жоқ... Бұл - халықты алдау ғой», деп ескерттім. Мені тыңдаған адам болмады. Сөйтіп бюджеттен бөлінген 86 миллион теңге құрдымға кетті», - деп шағымданды Жартытөбе ауылы, Достық-1 бөлімшесінің тұрғыны Өсербай Егембердиев.
Ақсақалдың айтуынша, құбыр салынғанымен, одан бір тамшы да су ақпаған. Қазір жұрт суды каналдан ішіп отыр.
«Онда күл-қоқыс, балалардың жаялығына дейін ағып жатса да, халықтың басқа амалы жоқ. Өйткені, литрі 10 теңгеден сатылатын суды алуға көбінің шамасы жетпейді. Ауыз судан бөлек, кір жуу, ыдыс-аяқ, басқа да қажеттіліктерге су қажет. Ауыз су мәселесін шешіп беруді өтініп ауыл әкімдігіне талай бардық. Олар «баратын жеріңе бар, қоятыныңды қой» деп, міз бақпайды. Жазбаша жолдаған сауалымызға «Су деңгейінің төмендеп кетуіне байланысты берілмей тұр» деген сипаттағы жауап алдық. Су деңгейі төмендемек тұрмақ, ол жерден мүлдем тамған да жоқ», - дейді ол.
Ауыл ақсақалының айтуынша, Достық-1 елдімекенінде интернет те нашар ұстайды екен. Қашықтан оқуға көшкен оқушылардың сапалы білім алуы да интернеттің сапасынан күрделі мәселеге айналған.
«Қазір ауылда 578 оқушы онлайн түрде оқып жатыр. Ауыл мектебінде мін жоқ. Ұстаздар да, мектеп басшылығы да балалардың үлгілі оқуына барынша назар аударады. Дегенмен, қазіргі пандемия кезінде балалар мен немерелеріміз интернет ұстау үшін ауыл кезіп, интернет іздеуге мәжбүр. Ертең, күн суытқанда балалар қайтпек? Қазірдің өзінде мұғалімдердің жіберген тапсырмасын орындап, оны әзер жіберіп жүр. Балаларымыз сауатсыз болып шыға ма деген қауіп бар. Мектепке баратын жол да адам жүргісіз. Ми батпақ болып жатады. Екі-күннің бірінде жарық сөніп қалады. Жарық бағандарының көбі шіріген, тіпті құлауға жақындары бар. Орнына тал байлап, амалдап жүргенімізге көп болды. Трансформаторы әбден ескірген. Төбесінен су сорғалап, содан жарық өшеді де тұрады. Ауыл әкімі үнемі орнында болмайды, телефонмен ала алмаймыз», - дейді Өсербай ақсақал.
«15 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ОЛҚЫЛЫҚ ҮШІН МЕН ЖАУАП БЕРМЕЙМІН»
Жартытөбе ауылдық округінің әкімі Абай Әшіров бюджеттен қаражат бөлініп, жұмыс жүргізіліп жатқанын алға тартты.
«Ауылға су құбырлары 2005-2006 жылдары тартылған. Ол уақыттағы олқылықтар үшін мен жауап бере алмаймын. Қазір Жартытөбе ауылдық округіндегі Достық-1 бөлімшесіне мемлекеттік акт жасалып, жобалау құжаттары ауданға жолданды. Жобалық-сметалық құжаттама жасауға конкурс жарияланды. Енді құрылысына ақша бөлінеді. Жаз айларында «Жарық» энергия компаниясының теңгерімінде жоқ бағандарына бюджеттен ақша бөлініп, қазір жаңа бағандар орнатылып жатыр. Айдың соңына дейін он трансформатор да қойылмақ. Мұның дәлелі ретінде жұмыстардың суреттері мен бейнероликтерін де ұсынамын», - деді Жартытөбе ауылдық округінің әкімі.
Әкімнің айтуынша, интернет мәселесі бойынша «Қазақтелеком», «Ksell», «Altel» және «Tele2» байланыс операторларына хат жазылған.
«Алдағы уақытта шешіліп қала ма деп отырмыз. Тұрғындарға аздап шыдам керек екенін айттым. Ертең су құбырлары қазылса, салынған асфальтты тағы бұзуға тура келеді. Достық-1 ауыл бөлімшесіндегі жолдардың 80 пайызы жөнделген. Басқа ауылдарда 20-30 пайызы ғана жөнделген ауылдар бар. Бәрін бірдей жөндеп тастайтындай, мемлекеттің ақшасы резіңке емес қой», - деді Абай Әшіров.
Жартытөбе ауылдық округіндегі аталған мәселелер бойынша Сарыағаш ауданы әкімдігінен түсініктеме беруін сұрадық.
«Жартытөбе ауылдық округі Достық елдімекеніндегі тұрғын үйлерді сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамалар толтырылып, сараптама қорытындысы жасалған. 2020 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаржы бөлініп, «Мехколонна №59» құрылыс-монтаждау фирмасымен келісімшарт түзіліп, монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Достық елдімекені тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан сәулет жоспарлау тапсырмасына қажетті құжаттар жинақталған. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Жоба әзірлеу жұмыстары 2021 жылы өткізілмек. Достық-1 елдімекені көршілес Өзбекстанмен шекаралас аймақ болғандықтан, ұялы байланыс сапасы нашар. Бұл бойынша ұялы байланыс операторларына хат жолданды. Ауылда 300 орындық мектеп ғимаратының құрылысы жүріп жатыр, ол жоспарға сәйкес, мектеп 2021 жылы аяқталмақ», - дейді Сарыарқа ауданы әкімдігінен.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ