Пандемия кезінде әрбір екінші адамның психологиялық көмекке зәру екені анықталды
Аталған зерттеуді Қызыл крест ұйымы жүргізген
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Николай Негай ОКҚ-да өткен брифингте пандемия кезінде әрбір екінші адам психологиялық көмекке зәру болды деп мәлім етті.
«Пандемия кезінде халықтың психикалық көңіл күйі өзгерді. Қызыл крест ұйымының әлемнің жеті мемлекетіне жүргізген зерттеуі бойынша, карантин кезінде халықтың 51%-на психологиялық көмек қажет болған. Осыған орай, біз ЮНИСЕФ ұйымымен бірлесе отырып, барша Қазақстан халқына қашықтан психотерапевтік көмек көрсететін арнайы сайт әзірледік. Онда пандемия кезінде күйзеліске түсіп, ұйқысы бұзылған жағдайда не істеуге болатынына қатысты ақпараттар бар. Жеке және онлайн кеңес те бар. Ол жерде өзіңізді мазалайтын сұрақтарды енгізсеңіз, сізге хат түрінде жауап келеді. Маманның көмегіне жүгінгіңіз келсе, сайт арқылы телефон нөміріңізді қалдырып, жазыла аласыз. Ондағы ақпараттың бәрі құпия», - деді төраға.
Маман адам бойында мұндай жағдайда психологиялық өзгеріс пен эмоциялық күйзелістің болуы қалыпты жағдай деп есептейді.
«Бұл адам ағзасының нормативті өзгерістерге өтуі кезінде болатын қалыпты жағдай. Одан бөлек, дистресс болады. Яғни, адам «Егер жағдай осылай өзгеретін болса не болады, былай өзгерсе ше...?» деген екіұдай күйде болады. Соның салдарынан адамның көңіл-күйі түсіп, ұйқысы бұзылып, күйзеліске ұшырайды. Өкінішке қарай, бұл жағдай әлемнің барлық елінде бар ойлаймын. Пандемия кезінде халық коронавирусты жоққа шығарып, қабылдағысыкелмеді. Екіншіден, кейбіреулер басқа адамдармен қандай да бір байланыстан қашты. Енді бірі кез келген ескертуге агрессиямен жауап беріп, үнемі кінәліні іздесе, тағы бір топ бұл ауруды біреулер ойлап тапты деген күдікпен өмір сүріп келеді. Осындай ойдың салдарынан адамның ұйқысы бұзылып, түрлі стресс алуы мүмкін. Қазіргі таңда қазақстандықтардың психологиялық жағдайына қатысты бірнеше жаңа зерттеулер жүргізіліп жатыр. Зерттеу қорытындысы дайын болғанда, нәтижесін жариялаймыз», - деді Николай Негай.
Айта кетейік, коронавирус инфекциясына қатысты мазалайтын сұрақтар болса, республикалық 1406 колл-орталығына хабарласуға болады.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан