Жеті жыл бойы құлдықта болды деген Ресей азаматының ендігі тағдыры не болмақ?
Заңгер Алматы облысында құлдықта болды деген азаматтың ісіне қатысты пікір білдірді
Аң шаруашылығындағы қыстақта өмір сүретін Сергей Тимохиннің ендігі тағдыры не болмақ? Ресей азаматын мәжбүрлеп ұстауы мүмкін деген психологтың әрекетіне байланысты Azattyq Rýhy тілшісі белгілі заңгер Сергей Уткиннің пікірін білген еді.
Алматыда тұратын Виктор Гребенников атты азамат Алматы облысы Ұйғыр ауданында аң шаруашылығын жалға алып, аң-құс аулауды ермек ететіні туралы жазғанбыз. Ол елімізде 300-ден астам бизнес-тренингтер өткізген кәсіби психотерапевт. Гребенников Шонжы ауылының маңындағы «Кетпентау» аймағында жеке шаруашылығында құжаты жоқ азаматты 7 жылдан бері неге ұстаған деген деректі полиция тексеріп жатыр. Ал қожалық иесі ешқандай теріс ниетінің болмағанын айтып ақталады.
Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, тараптар арасында қандай да бір жұмыс істеуге байланысты ресми түрде келісім болды ма, нақты қандай уағдаластық болғанын анықтау керек. Ал ол үйде тек тұруға өзара келіссе, ешкім тыйым салмайды. Шаруашылық иесінің оны ұратындығы, мәжбүрлеп ауыр жұмысқа салуы және еткен еңбегіне ақша төлемей қоюы анықталса, ол- қылмыс. Бұл жерде полиция аталған деректерді анықтап, процессуалдық шешім қабылдауға әрекет жасауы тиіс.
«Егер Сергей Тимохиннің құжаты болып, оны сол жұмысқа жеккендер алып қайтармаған болса, бұл да қылмыс. Төлқұжат мемлекеттің меншігі, оның иесі мемлекет қорғауында болады. Жеке тұлғалар оны тартып алса, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Полицияның істі тексеруіне негіз бар. Ал ҚР ҚК 126 бабында адамды бас бостандығынан заңсыз айыруға байланысты жауапкершілік жазылған. Бұл пайдакүнемдік ниетпен істелсе де, кінәлілердің ісі сотқа жетеді»,- дейді танымал заңгер.
Облыстық көші-қон басқармасы қазір Сергей Тимохиннің жеке басын анықтайтын құжаттарды рәсімдеуге көмектеспек. Сондай-ақ оның іздеуде жүрген азамат екенін анықтайтын тиісті құқықтық процедуралар жүргізіліп жатыр. Ал тергеу басқармасы мен криминалдық полиция басқармасы заңсыз еңбекке жегілген азамат жәбірленуші ретінде арыз жазса, күдіктілер жауапқа тартылады, дейді Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы