«Мосина винтовкасының оғы». Семей орталығында «ақтардан» қалған оқ-дәрі табылды
Оқ-дәрінің жатқанына 100 жылдан астам уақыт болған

Семейде Достық үйінің іргесіндегі Арбат құрылысы жүріп жатқан жерден «Прииртышье» өлкетану қоғамының өлкетанушылары 50-ден астам оқ-дәрі тапты. Оқ-дәрілер Максим пулеметі мен 7,62 калибрлі Мосина винтовкасынікі екені анықталып отыр, деп хабарлайды «Алтайньюс».
Өлкетанушылардың болжауынша, оқ-дәрі жер астында 100 жылдан астам уақыттан бері жатқан. Бүгінде тот басқан, қолданысқа жарамайды.
Өлкетанушы Павел Жуковтың айтуынша, оқтың дәл қаланың орталығында сақталуына қатысты әзірге бір болжам бар.
«Азамат соғысы кезінде Семей ақтардың қолында болды. Алайда 1919 жылдың аяғына қарай, бір жылға созылған қақтығыстан соң, шаруалар қолы қаланы басып алды. Ақтар жасырынып, оқты шұңқырларға, ғимарат іргелеріне жасырып, өздерін бейбіт тұрғын ретінде көрсетуге тырысты. Мысалы, іргедегі Сахно қонақүйінде Анненков дивизиясының офицерлері мен бір топ серб солдаты орналасқан. Қазіргі өлкетану мұражайында да (ол кезде губернатор үйі) жауынгерлер болған. Бұл жерге Достық үйі де, міне, таяу тұр. Сол себепті оқ-дәрінің табылуы ешқандай кездейсоқтық емес. Семей – тарихи қала, талай сыр бүгіліп жатыр», – деді өлкетанушы.
Оның айтуынша, оқ-дәрінің бір бөлігі «Прииртышье» өлкетану қоғамының мұражайына қойылса, екінші бөлігі облыстық өлкетану мұражайына беріледі.