Павлодар облысында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны артқан
Оның ішінде тонау, ұрлық саны айтарлықтай өскен

Сондай-ақ өңірде баласының оқуға келуін қамтамасыз етпеген ата-анаға қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Үздембаева мәлім етті.
«Жыл басынан бері біздің департаментке кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау саласында қосымша құзіреттілік берілді. Біз мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен тығыз байланыстамыз. Балалар құқығын қамтамасыз ету барысында білім алуына, тамақпен қамтылуына, тасымалдау және демалысына, білім беру ұйымдарында сауықтырылуына, денсаулығына мониторинг жасаймыз. Оған қоса, арнайы ұйымдардағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың да құқығын қорғау саласында жұмыс атқарамыз», - деді Гүлнәр Үздембаева.
Спикердің айтуынша, қаңтар айынан бастап департаментке кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бойынша 4 өтініш келіп түскен. Оның ішінде бір жағдай колледж студентінің ата-анасына қатысты баласының оқу орнына келуін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Ата-анаға ескерту берілді.
«Жыл басынан бері департаментімізге балалар құқығын қорғауға қатысты 150-ден астам қоңырау түсті. Ата-аналар да, педагогтар да қоңырау шалады. Сондай-ақ қазіргі уақытта кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыстар саны өсіп, 29-дан 35-ке жетті. Оның ішінде тонау, ұрлық саны айтарлықтай өскен. Бұған заңды білмеу, қамтамасыз етілмеу, ата-аналар бақылауының болмауы әсер етеді. Сонымен қатар, қаңтардан бастап 403 ата-ана балалар тәрбиесінде міндеттерді орындамауға қатысты әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Гүлнәр Үздембаева.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында немесе тұрғын емес орындарда болғаны үшін 2220 ата-ана жазаланды. Сот шешімімен 200 ата-ананың баланы тәрбиелеуде міндетінен жалтарғаны үшін ата-ана құқығы шектелді.