ШұғылАлматыда ағаштарды заңсыз кескендерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Қазақстанда қашықтан оқытуды 2021-22 оқу жылына ұзарту туралы шешім қабылданды ма?

Білім және ғылым министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды

Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Әлеуметтік желілерде Қазақстанда қашықтан оқыту форматы 2021-22 оқу жылына ұзартылады деген ақпарат тарады. Білім және ғылым министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Хабарлама авторының айтуынша, қашықтан оқытуды ұзарту туралы «жаңалықты» мектепте жұмыс істейтін таныс мұғалімдері хабарлаған. Оның сөзіне қарағанда, оқушылар 2021 жылдың қараша айында ғана мектепке орала алады. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

«Биыл бірінші тоқсан 5 қарашада аяқталады. Санитарлық дәрігерлердің талаптары бойынша карантиндік шектеулер жағдайында оқушылар негізінен қашықтан білім алуда», – делінген БҒМ жауабында.

Ата-аналардың өтінішін ескере отырып, мектептерде мектепалды және 1-4 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Бір сыныпта 15 оқушыдан артық болмауы керек.

«Екінші тоқсанға келсек: біз Денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күтеміз. Бас санитар дәрігер тиісті қаулы қабылдайды. Денсаулық сақтау министрлігінен ақпарат алған кезде барлық ата-аналар мен оқушылар дереу хабардар болады», – деп түсіндірді ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

Хабарламада атап өтілгендей, карантиндік шектеулер жағдайында барлық нысандардың жұмыс форматы туралы шешімді Бас санитар дәрігер қабылдайды. Мектеп, кинотеатр, сауда, спорт орталықтарының жұмыс жағдайлары санитар дәрігерлердің шешімі мен эпидемиологиялық жағдайға байланысты.

Ведомство тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды және жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.