Павлодар облысында 25 жылда апатты жағдайлардан 11 мың адам құтқарылған
25 жылда еліміз бойынша 1 млн 300 мың адам құтқарылған
Төтенше жағдай кездерінде ақпараттық қолдау көрсеткен павлодарлық БАҚ өкілдері марапатталды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов соңғы 25 жылда елімізде 1 млн 300 мың адам құтқарылғанын атап өтті.
«Өздеріңізге белгілі, биыл Азаматтық қорғау органдарына 25 жыл толып отыр. Сол 25 жыл ішінде өңірде 11 мыңнан астам адам құтқарылды. 28 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Апатты жағдайда қалған 3 мыңнан астам адамға медициналық көмек көрсетілді. Жалпы, облысымызда барлық төтенше жағдайлар орын алып тұрады. Қысқы мезгілде өзіне тән апаттар, көктемде – су тасқыны, жазда – орман және дала өрті, күзде – жылыту маусымына дайындық кезіндегі оқиғалар тіркеледі», - деді Ернұр Өтегенов.
Департамент басшысының айтуынша, бүгін жалғыз өрт сөндіруші-құтқарушылардың мерекесі емес, бұл салада өрттің, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша жергілікті атқару органдарынан бастап, журналистерге дейін тікелей болмаса да, көп көмегін тигізген.
Сонымен қатар, жиын барысында апатты жағдайларда ақпараттық қолдау көрсеткен БАҚ өкілдеріне сыйлықтарын табыстады.
«Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі Айдана Қуанышева мен Pavlodarnews.kz АА фототілшісі Константин Шелков «Үздік автор» атанды. «Павлодартелерадио» жаңалықтар редакторы Гүлайым Тасова «Журналистік шеберлігі үшін» және Ertis телеарнасының тілшісі Самал Белгібаева «Жеделдігі мен объективтілігі үшін» марапатталды.