$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.10.2020, 22:19
Қоғам

Мақтааралдағы жаңа шағынауданда 386 үй тұрғындарға берілді

Төтенше жағдай кезінде ерекше қызмет атқарған және жаңа аудан құрылысына атсалысқан бірқатар азамат марапатталды 

 

Мақтааралдағы жаңа шағынауданда 386 үй тұрғындарға берілді

Техногенді сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккен Мақтаарал ауданының  тұрғындары қоныс тойын тойлауда. Апат аумағындағы қираған үйлер қалпына келіп, Мырзакентте жаңа шағынаудан бой көтерді. 386 отбасын қуанышқа бөлеген қоныс той салтанатты түрде атап өтілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қоныс иелерінің қуанышымен бөлісу үшін Мақтаарал ауданына арнайы келген Премьер-министрдің орынбасары Р.Скляр, Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Ш.Хамраев, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев тұрғындарды құттықтап, баспана кілттерін табыстады. 

Алғаш боп сөз алған ҚР Премьер-министрінің орынбасары, төтенше жағдай жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы Роман Скляр

Мақтаарал ауданында төтенше жағдай кезінде ерекше қызмет атқарған бір топ азаматқа ҚР Премьер-министрінің алғыс хаттарын табыс етті. Олардың арасында Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев пен Өзбекстан Республиасының төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Абдулла Кулдашов та бар. 

Жаңа шағынаудан тұрғындарының қуанышына ортақтасқан облыс басшысы қиындықтың артта қалғанын айтып, әр отбасы үшін баспаналарының берекелі болуын тіледі. Сондай-ақ, облыс басшысы жаңа мөлтек ауданның құрылысына атсалысқан бірқатар азаматқа ҚР Президентінің алғыс хаттары мен «Халық алғысы» медалін табыстады.

«Сардоба су қоймасындағы бөгеттің бұзылуы шекаралас екі ел үшін де оңайға соқпады. Апат айтып келмейді. Осы тосын жағдайды естіп, мақтааралдықтардың тағдырына алаңдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Мақтааралға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілді. Зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмады. Бүкіл ел болып көмек қолын созды. Қиындықтар артта қалып, осы сәт өмірлеріңіздің жарқын кезеңі болсын. Жаңа қоныстарыңыз жайлы да, берекелі болуына шын жүректен тілектеспін», – деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы. 

70 гектар жерде орналасқан жаңа қалашықтағы 386 үйге Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің тұрғындары көшіп келетін болады. Мұнда барлық инженерлік инфрақұрылым тартылған. Ауыз су, жарық, жылу мен кәріз жүйесі жасақталып, жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылған. Сондай-ақ жаңа мөлтек ауданда 1200 орындық мектеп пен бала-бақша және дәрігерлік амбулатория салынуда. Балалардың ойын алаңдары орнатылып, ағаштар отырғызылған. Желілік саябақ пен гүл бақтары мөлтек ауданның көркіне көрік қосып тұр.

Айта кетсек, мамыр айында болған апат кезінде 30 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Тілсіз жаудан құтқарылған халық Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен ашылған 24 эвакуациялық орынға орналастырылды. Мақтааралға бүкіл ел болып көмек қолын созды.

Көрші елден апат салдарымен күресуге арнайы техникалар мен 200 адам келді. Өзбекстандық жасақ елді мекендерге жайылған суды тазалау мен су сору жұмыстарын жүргізді. Егістік алқаптарды қалпына келтіріп, шитті мақта етуге атсалысты.

«Nur Otan» партиясы мен басқа да қазақстандық кәсіпкерлер апаттан зардап шеккендерге қолдау көрсетуде елеулі үлес қосты. Еліміздің түкпір-түкпірінен 700 тоннадан астам келген азық-түлік пен гуманитарлық көмек келді. Су басқан аймақтағы әрбір тұрғын республика бюджетінен 100 мың теңгеден қаражат алды.

Серіктес жаңалықтары