Алматы аулаларында бейнебақылау камералары көбейді
Биыл үй аулаларына орнатылған камералар көмегімен 4 309 қылмыс ашылды
Алматы аулаларында бейнебақылау камералары көбейді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының хабарлауынша, қазіргі таңда «Қауіпсіз аула» бағдарламасы аясында шаһарда 121 мыңнан астам бейнебақылау камерасы бар, оның 33 757-і көпқабатты үйлердің аулаларына, 33 014-і жеке секторға, 4 210-і тыныш аудандарға және т.б. жерлерге орнатылған.
«Алматыда жалпы қалалық «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бірнеше жылдан бері сәтті жүзеге асырылып келеді. Тәжірибе көрсеткендей, бұл құқықбұзушылықтардың да, қылмыстардың да алдын алудың тиімді әдісі. Жыл басынан бері үйлердің аулаларына орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен 4 309 қылмыс ашылды. Қаланың бейнебақылау жүйесін «Қауіпсіз аула» бағдарламасы шеңберінде кеңейту жоспарлануда. Аулаға немесе үйдің кіреберісіне бейнебақылау камерасын орнату алгоритмі мынадай, белгілі бір үйдің тұрғындары пәтер иелері кооперативінің көмегімен камералар орнататын, сондай-ақ техникалық қолдау көрсететін компанияны таңдайды. Тараптар компанияның қызметтері үшін ай сайынғы төлем туралы келісім жасайды. Қызмет құны айына 200-350 теңге аралығындағы соманы құрайды. Алдын ала келісім бойынша азамат серверді өз пәтеріне жеткізе алады. Камералардың жұмысы бойынша бізге күн сайын азаматтардан ондаған оң пікірлер мен ұсыныстар келіп түседі», – деді Алматы қаласының ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.
«Біз тұрғындармен бірге кіреберістің фойелеріне, сондай-ақ, бірінші қабатқа камералар орнатайық деп шештік. Көптеген адамдар сәбилер арбасын, самокаттарды кіреберістерге қалдырып кетеді. Сондықтан қауіпсіздік мақсатында камералар орнаттық. Бізде әр кіреберісте 2-3 камерадан бар. Жақында бұл камера бізге көп көмектесті. Көршімнің сәбилер арбасын ұрлап кетті, олар бірден маған хабарласты, камераларды қарап шықтық. Мүлікті ұрлаған адамды табу мәселесі бір-ақ күнде шешілді. Сондай-ақ бізде көлік тұрағына да камералар орнатылған. Осы камераларды орнатпас бұрын, біреу біреуді соғып кеткен жағдайлар да болды. Білесіз бе, камералар жай ғана орнатылып, автотұраққа бағытталғанда, адамдар мұнда қауіпсіз екенін түсінеді», – деді Алматы қаласының Алмалы ауданында орналасқан үйлердің бірінің ПИК төрағасы.
«Мен бейнебақылау камерасы орнатылған үйдің тұрғынымын, қазір аула қауіпсіз болды, балалар заттарын қалдыруға да болады. Бұл қала орталығы болғанымен, бұрын бейтаныс адамдар көп болатын. Мен камераларды әр қабатқа қоюға кеңес беремін. Бұл өте маңызды. Менің ойымша, камераларды периметрі бойынша балалар алаңдарына да орнату керек. Егер камера болса, балалар алаңы екі есе қауіпсіз болушы еді», – дейді жергілікті тұрғын.