«230 млн теңге бөлінген». Қарағанды облысындағы ауылда су ішетін құдық бейіт пен қоқыстың арасынан қазылған
Тұрғындар санитарлық талаптардың сақталмағанына наразы
Қарағанды облысындағы Шешенқара ауылына ауыз су құбыры толық тартылмай жатып, дау туды. Жобалау кезінде бірқатар санитарлық талап сақталмағандықтан, тұрғындар жаңадан қазылған құдық суының сапасына күмәнмен қарайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Шешенқара ауылында ауыз су мәселесі жылдар бойы шешілмей келген. Мұндағы жұрт тіршілік нәрін тасып ішеді. Әр үйде құдық бар, бірақ оның суы тіпті жуынуға да жарамайды. Биыл қазынадан 230 миллион теңге қаржы бөлініп, ауылға су тарту жұмыстары басталғанда тұрғындар бөркін аспанға атып, қуанған еді. Жұрт небәрі 9 метр тереңдікте қазылған құдықтың суы сапалы болатынына күмәнмен қарайды.
Техникалық қадағалаушылардың айтуынша, жобаның топонимикалық түсірілімі әу баста дұрыс жасалмаған. Құжатта зират та, қоқыс полигоны да көрсетілмепті. Ал енді оны қайта өзгерту үшін көп уақыт керек. Әрі тапсырыс берушілер, мердігерлер, техникалық және авторлық қадағалаушылар бір мәмілеге келуі тиіс. Оның үстіне қосымша қаражат қажет.