$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.10.2020, 11:54
Қоғам

Ауыз су тартуға жарты млрд теңге жұмсалған Алтынсарин ауылы тұрғындары тот араласқан су ішіп отыр

Нұр-Сұлтан қаласының түбіндегі ауыл халқының таза суға қолы жетпей отыр

Ауыз су тартуға жарты млрд теңге жұмсалған Алтынсарин ауылы тұрғындары тот араласқан су ішіп отыр

Нұр-Сұлтан қаласының дәл түбінде орналасқан Ыбырай Алтынсарин атындағы ауыл тұрғындары қарапайым өмір сүруге қажетті игіліктерге жете алмай келеді. Жаңбыр жауса, жол езіліп, балшыққа айналады. Асфальт мүлде төселмеген. Жергілікті әкімдікке талай рет шағымданғанымен, одан нәтиже шықпаған. Осыдан үш жыл бұрын бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, ауылға ауыз су жеткізген екен. Алайда, тұрғындар ауыз судың ішуге жарамсыз екенін, краннан аққан судан металл тотықтарын табуға болатынын жеткізді. Басқа мүмкіндік болмағандықтан, халық осы таза емес суды тұтынуға мәжбүр. Тұрғындардың жергілікті биліктен талап етіп, орындата алмай жүрген шағымын Azattyq Rýhy тілшісі тыңдап қайтты.

Осыдан он жыл бұрын елорда іргесінде пайда болған ауылда бүгінде 320 отбасы тұрып жатыр. Мұндағы жұрттың бәрі елордаға қатынап жұмыс істейді. Бірақ жылдар бойы жолдың азабын тартып келеді екен.

«Асфальт жол түгілі, кәдімгі ұсақ қиыршық тас та төселмеген. Сәл жаңбыр жауса ауылдың іші ми батпаққа айналады. Балалар теміржолдың арғы бетіндегі мектеп пен балабақшаға әрең қатынайды. Жаяу адам түгілі, кейде көліктер де сазға батып, трактормен сүйреп шығаратын кездер аз емес. Жол талғамайтын көліктер болмаса, қарапайым жеңіл көліктер жолда тұрып қалады. Тіпті, қыста қалың қар жауғанда жолсыз қаламыз. Жолды қардан тазалау үшін Талапкер ауылдық әкімдігінен трактор сұрап аламыз. Бір-екі мәрте техника берді. Ал ауылды тұтас қардан тазалауға қаражат жоғын айтады. Көктемде ауылдың төменде орналасқан бөлігі мүлде қиын жағдайға түседі. Биліктен қайыр болмаған соң, қалтасынан ақша шығарып, үйлерінің маңына қиыршық тас төсегендер болды», - дейді Ыбырай Алтынсарин ауылының тұрғыны Алексей Түсіпбеков.

Алексейдің айтуынша, ауыл тұрғындарын толғандыратын тағы бір өзекті мәселе – ауыз су. Ауыл халқы жеті жылдан бері ауыз суды Талапкер ауылынан тасып ішеді.  

«Осыдан үш жыл бұрын ауылдың ішін түгел қазып, орталықтандырылған су құбырлары тартылған. Қуанышымыз ұзаққа бармады. Краннан аққан судан металл таты мен ірілі-ұсақты қақ пен кір ағады. Жарты жылға жетпей кір жуатын машиналарымыз, су қыздыратын аристондарымыз істен шығады. Су лас, топырақ араласқан. Суды үнемі сатып алуға жұрттың бәрінің шамасы жете бермейді. Көбі осы краннан аққан жарамсыз суды ішуге мәжбүр. Бұған бас қатырып жатқан билік жоқ. Жоғарыға «Ауыл ауыз сумен қамтылған» деп есеп беріліпті. Іс жүзінде суымыз техникалық су ретінде де пайдалануға жарамайды», - деп шағымданды ол.

Одан бөлек, ауылдың іші айлар бойы тасымалданбаған тұрмыстық қоқысқа толып қалған. Жол болмағандықтан, оны тазалайтындар ауылға кіре де алмайды.

«Мен үйдегі қоқысты қаптарға салып, қалаға шыққанда көлігіме салып ала кетемін. Бәрінің бұлай істеуге мүмкіндігі жоқ. Осындай ең өзекті проблемалардың өзі шешілмей отырғанда, көшеге жарық орнату туралы мәселе талап ету орынсыз сияқты. Көшеде жарық жоқ, кеш батса, ауыл тас қараңғы», - дейді Алексей.

Халық ағартушысы – Ыбырай Алтынсариннің аты берілген ауылдағы жағдайдың қиындығын ауылдық округ әкімі де мойындады.

«Ауылға тиесілі жердің 80 пайызынан астамы жолсыз. Қаражат бөлінсе, алдағы жылы ауыл ішіне жол салынуы тиіс. Ауыз су осыдан үш жыл бұрын 2017 жылы тартылған. Расында да судың сапасы нашар екенін тұрғындар айтып келеді. Тұрғындар суға анализ жасауға өтініш берген. Қазір соның жауабын күтіп отырмыз. Жауап келген соң, оны СЭС қарауына береміз. Бұл мәселеден «Целиноград  су арнасы» да хабардар. Тұрғындардың өтініші бойынша суға арнайы сүзгі орнатып беруін сұрадық. Оған қыруар қаражат қажет екен. Дегенмен, «Целиноград су арнасы» ауыз суға сүзгі орнатып беруге уәде берді. Ауылдағы жарық мәселесін жылдың соңына дейін шешетін ойымыз бар. Аудандық бюджеттен қаражат бөлінген соң ауыл көшелеріне жарық орнатпақпыз. Ауылдағы тұрмыстық қоқыс мәселесі де күрделі жағдайға айналды. Қоқыс тасымалдайтын компания мәселені шеше алар емес. Тағы бір айта кетер жайт, ауыл тұрғындарының 80%-ы қоқыс шығаруға арналған келісімшартқа қол қоюдан бас тартқан. Тек жиырма пайызы ғана келісімшарт жасасқан. Сондықтан қоқыс шығаратын компания үшін бұл қыруар шығын болады. Мәселені реттеу үшін ауылда да бұқаралық келісімшарт жасалғаны жөн сияқты. Ал қысқы қар тазалау кезінде мен мұнда әкім емес едім. Сондықтан бұл туралы еш нәрсе айта алмаймын», - деді Талапкер ауылдық округінің әкімі. 

АУЫЗ СУҒА 581 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛҒАН

Ауылдағы жағдайды жан-жақты білу үшін Целиноград ауданы әкімдігіне де сұрау салдық. Айтуынша, 2018 жылы Астана қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары шеңберінде 2020 жылға дейін Ыбырай Алтынсарин ауылындағы ішкі жолдарды күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған.

«Соған сәйкес, ауылдың 10,4 шақырымды құрайтын 10 көшесіне күрделі жөндеу жүргізілмек. 2020 жылы аталған жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттік өтінім берілген. Жоба қаржыландыруға қарай жүзеге асырылмақ. Ыбырай Алтынсарин ауылын ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстары 2017 жылы аяқталған. Орталықтандырылған ауыз су тартуға бюджеттен 581 миллион теңге қаражат бөлініп, 49 шақырымдық су құбыры тартылды. Бас мердігер «Қаршыға 97» ЖШС-і. Бүгінде орталықтандырылған су құбырына 487 абонент қосылған. Аталған нысанға қызмет көрсету лицензиясы бар «Целиноград су арнасы» коммуналдық кәсіпорнына тапсырылған. Сумен жабдықтау объектілерін пайдалану және оларға қызмет көрсету ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 158 бұйрығына сәйкес «Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін техникалық пайдалану» ережесі бойынша жүзеге асырылады. Ауылды жарықпен қамтамасыз ету мәселесі де Нұр-Сұлтан қаласына іргелес жатқан елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2020 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, осы жылы «Ақмола облысы Целиноград ауданы Ы. Алтынсарин ауылында электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы» бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бас мердігер – «Электромонтаж» АҚ. Жобаның жалпы құны – 912 млн теңге. Қазіргі таңда, жалпы ұзындығы 10,190 шақырым құрайтын 10 кВ кабельді желісі мен ұзындығы 26,056 шақырымды құрайтын 0,4 кВ әуе желісі салынды, сонымен қатар трансформаторлық қосалқы станция жиынтығының фундаменті дайындалды, тарату пунктін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру алдағы желтоқсан айына жоспарланып отыр», - деді аудан әкімі Бахидбек Оспанбеков.

Ауыз су мәселесіне тікелей жауапты «Целиноград су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының басшысы 2021 жылдың наурыз айынан бастап су мәселесін толықтай реттейтінін мәлімдеді.

«Ыбырай Алтынсарин ауылындағы ауыз судың жағдайын жақсы білемін. Бұл мәселені біз алдағы бағдарламамызға кіргізіп отырмыз. Келесі жылдың наурыз айында жұмысты бастап, судың сапасын жақсарту үшін арнайы сүзгілер, басқа да құрылғыларын ауыстырамыз. Шамамен 30-40 миллион теңге көлемінде қаражат бөлмекпіз. Жоспар бойынша жұмысты бір ай көлемінде толық аяқтаймыз», - деді «Целиноград су арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық кәсіпорнының басшысы Жеңісбек Кулишев.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары