Қазақстанда тұрғын үй алу кезегінде 530 мың адам тұр – депутат
Жыл сайын тұрғын үй кезегіндегі адамдардың қатары 50 мыңға артып отыр

Сенат депутаттары азаматтардың осал санаттары үшін жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың қолжетімсіз екенін айтып, елімізде тұрғын үй алу кезегінде шамамен жарты млн-нан астам адам тұрғанын мәлім етті.
Депутат Ләззат Сүлейменнің айтуынша, жыл сайын тұрғын үй алуға кезекке тұрушылардың саны 50 мың адамға көбейіп отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасына енетін «Шаңырақ» (5-10-20) жобасы тұрғын үй алу үшін әкімдіктің кезегінде тұрғандарға ипотекалық несие беруді көздейді.
«Тәжірибе көрсеткендей, осы жобаны іске асыру осал санаттағы, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімсіз болып отыр. Алайда, қазір 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар олардың еңбек табыстарын растаудың болмауына байланысты, жеңілдетілген ипотекалық кредитке қол жеткізе алмай отыр», - деді Ләззат Сүлеймен.
Сенатор «7-20-25» бағдарламасы көп қазақстандықтың баспаналы болуына мүмкіндік жасағанын айтты. Сондай-ақ, бұл бағдарлама бастапқы тұрғын үй нарығында ғана жұмыс істейтінін атап өтті.
«Тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген кезде, одан пәтер табу қиын, себебі бастапқы тұрғын үй нарығы алыпсатарлар қызметінің объектісі болып алған. Олар бір уақытта бірнеше пәтер сатып алады. Осыған байланысты азаматтар алдын ала брондау шартымен тұрғын үй сатып алуға мәжбүр, бұл азаматтардың қосымша шығынға батуына әсер етеді», - деді Сенат депутаты.
Осы ретте сенатор «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді екінші нарықтан алуға рұқсат етудің тиімді әрі арзан екенін ұсынып отыр.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда риэлтор қызметі тиісті заңнамалық құжатпен реттелмеген. Тұрғын үй нарығында бірыңғай тәртіп, стандарттар мен қағидалардың болмауы клиенттердің сенімсіздігін туғызады. Қалыптасқан жағдай адал жұмыс істейтін риэлторлық компанияларға да, осы қызметті тұтынушыларға айтарлықтай қиындық әкеліп отыр», - деді Ләззат Сүлеймен.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан