Алматыда «Birgemiz» қорынан берілетін төлемдер аяқталды
Мегаполисте бірреттік көмекті барлығы 8078 адам алды
Алматыда «Birgemiz» қорынан төлемдердің бесінші толқыны аясында 50 мың теңге көлемінде бірреттік көмек төленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Пандемия басталғалы бері тиісті төлемдерді алып үлгермеген аз қамтылған отбасылар алушылардың қатарына кіргенін еске салайық.
Осы ретте қордың шешімі бойынша біржолғы көмек атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, I топтағы мүгедектерге, II топтағы мүгедектерге (жасы бойынша зейнеткерлер), сондай-ақ Алматыда 5209 адамға берілді. Сонымен қатар бұл ең төменгі немесе одан төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер, олардың саны шамамен, 1000 адам. Бұдан бөлек, көмекті алушылар қатарында мүгедек балаға күтім жасайтын адамдар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, оларға теңестірілген адамдар, тыл еңбеккерлері мен тұл жетімдер бар.
Алматыда бірреттік көмекті барлығы 8078 адам алды.
«Көрсетілген ақшалай көмек мен үшін үлкен демеу болды. Әсіресе қазір, күзде жылы киім сатып алу қажет болған кезде берілді. Менің төрт балам бар, олардың үлкені 17 жаста, ал кішісі 5 жаста. Бұл Елбасының дер кезінде берген сыйы!», - дейді көпбалалы ана Бибігүл.
Біржолғы көмек алған көптеген тұрғындар әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында өз қуаныштарымен бөлісіп, «Nur Otan» партиясының көшбасшысы, Елбасына алғыстарын білдірді. Олардың ішінде І топ мүгедегі Ермек Байсалбек пен Нигора Ибрагимова, Ауған соғысына қатысушы Алтай Өтебайұлы және тағы басқалары бар.
Естеріңізге салсақ, «Birgemiz» қоры 2020 жылдың наурыз айында Тұңғыш Президент, «Nur Otan» партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен коронавируспен күрес жағдайында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін құрылған болатын.
Жалпы алғанда, 60 мыңнан астам адам қор қаражатынан бесінші толқынның есебімен 50 мың теңгеден материалдық көмек алды.