ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 1800-ден астам адамнан коронавирус анықталды

2021 жылы әлеуметтік әмиян іске қосылады

Атаулы әлеуметтік көмек жаңаша төлене бастайды

Фото: ашық дерек көзінен

2021 жылдан бастап Қазақстанда пилоттық режимде атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін әлеуметтік әмиян енгізіледі. Егер апробация сәтті өтіп, цифрлық ақша қалыпты жұмыс істейтін болса, онда бұл тәжірибені жәрдемақының барлық түрлері үшін енгізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгін біз сауда және интеграция министрлігімен, Цифрлық даму министрлігімен және Ұлттық банкпен бірлесіп, техникалық шешімдерге және заңнаманы өзгерту бойынша ұсыныстар әзірлеуге (әлеуметтік әмиян құру бойынша– AR) қатысты жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші кезеңде, келесі жылдан бастап біз атаулы әлеуметтік көмек алушыларды әлеуметтік әмиянға көшіруді жоспарлап отырмыз. Сәтті тестілеуден кейін барлық басқа әлеуметтік төлемдерді аудару керек», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов брифингте. 

Әлеуметтік әмиян азаматтар шот ашу мақсатында банкке бармас үшін жасалады. Ол ЖСН негізінде автоматты түрде мемлекетпен іске қосылатын болады. Бұл қаражаттың қауіпсіздігі мен сақталуы үшін Ұлттық банктің электрондық ақшасын пайдалану көзделеді.

«Мұндай жүйе біздің азаматтарымыздың қаражатын банктердегі ахуалдың нашарлау фактілерінен немесе осы банктер банкрот болған жағдайда қауіпсіздендірер еді. Жеке әлеуметтік әмиянда бұл ақша сақталады, өйткені олар банкке байланбайды»,- деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.

Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан