Жетісай қоқыс алаңына айналып барады (ФОТО)
Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Асықата кентінің маңы күл-қоқысқа толды
Асықата кентінен шамамен 3 шақырым жерде орналасқан «Беккери» шұңқыры бар. Алайда, тұрғындар қалдықтарды қоқыс төгетін арнайы орынға емес, соның маңайына тастайды екен. Қоқыс арасында өртенген мал өлекселері мен медицина қалдықтары бар. Аудан әкімдігі өкілінің айтуынша, науқастарға қолданылған қалдықтарды бұл жерге мемлекеттік медициналық мекемелер тастамаған. Себебі, жергілікті ауруханадан шығатын қалдықтарды жою үшін арнайы мердігер мекемемен келісім шарт жасасқан екен.
«Асықатада шамамен 14 жекеменшік дәріхана, оның алтауында егу бөлмелері бар. Дегенмен, олардың бәрінде қалдықтарды жою орны бар деп айта алмаймыз. Бірақ, бұл қалдықтарды нақты дәріхананың тастап жатқаны белгісіз. Қолмен ұстап алмағандықтан ештеңе айта алмаймыз. Осы маңда видеобақылау орнату үшін келер жылдың бюджетінен ақша қарастырылып жатыр деген әңгіме бар. Бірақ, мал өлекселерінің жатқаны рас. Аудан әкімінің орынбасары Асан Маханбетов, ветеринария бөлімінің қызметкерлері осы маңға барып, жағдайды өз көзімен көрді. Сол «Беккери» шұңқырын да аралады. Айналасы қоқысқа толған. Ол жердегілер өлген малдың емес, сойылған малдың қалдықтары. Малдың басын ешкім сатып алмайтын болғандықтан, қасапшылар осында әкеп тастайды. Өткенде бәрін жинастырып кеткенбіз», - дейді Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Бейбіт Қазыбеков.
Қоқыстардың арасында «Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының «Асық ата» Мақтаарал аудандық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны деген жазуы бар маңдайша да жатыр. Яғни, бұл қалдықтар дәріханаларға емес, аудандық ауруханаға тиесілі ме деген заңды сауал туындауы мүмкін.
«Мақтарал аудандық ауруханасының қызметкерлері аталған қоқыс алаңына барып, арнайы тексеру жүргізді. Ол жерден табылған дәрі-дәрмектердің ауруханаға ешқандай қатысы жоқ. Өйткені, қораптағы дәрі-дәрмектер бұл аурухана қолданған дәрілер тізіміне кірмейді. Табылған заттарда Асықата ауруханасының мөрі де жоқ. Маңдайшаға келетін болсақ, ол осыдан екі жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы аталған кезде күресінге лақтырылған. Қоқыс шығаратын компания өкілдері қоқыс тастайтын арнайы алаңға жеткіздік деп отыр. Оның бұл жерден қалай табылғаны түсініксіз. Медициналық қалдықтарды жою туралы арнайы мекемемен келісім шартқа тұрғанбыз. Мердігер мекеме бәрін уақытылы алып кетеді. Ал, Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы, мемлекеттік елтаңбасы және гимнiң мәтiнiн пайдалану қағидаларын бекіту туралы ҚР Үкiметiнiң 2007 жылғы 873 қаулысында тақтайша (маңдайша - ред) туралы ештеңе жоқ. Өйткенi, маңдайшада Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттары жоқ. Ол жай ғана жазу болғандықтан жарамсыз зат ретінде қоқысқа тасталған», - деп жауап берді Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Жуырда ғана 50 жылдығын атап өткен Жетісай қаласындағы тазалық жағдайы да аудан тұрғындарының көңілінен шыға бермейді. Бұған дейін әлеуметтік желі белсенділері қаладағы лас жағдайды ашық жазған болатын.
Арай Есенбек, Түркістан облысы