Оралда 200-ге жуық көшенің атауы өзгереді
Қаладағы ірі көшелердің біріне Ұлы Отан соғысының батыры Хиуаз Доспанованың есімі беріледі
Батыс Қазақстан облысының орталығында 200-ге жуық көшеге жаңа атау беріледі. Орал қаласының әкімдігі жергілікті тұрғындарды қоғамдық тыңдауға қатысуға шақырып отыр.
Көше атауларын өзгерту туралы ақпарат қалалық мәслихаттың ресми сайтында жарияланған. Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, негізінен шағын көшелер мен өткелдердің атаулары өзгеріске ұшырайды.
Қоғамдық тыңдаулардың алғашқы екі отырысы 11 қарашада өткен. Онда Гагарин мен Әбілқайыр хан көшелерін қиып өтетін және іргелес жатқан шағын өткелдер, қалаға жаңадан қосылған шағынаудандардағы көшелердің атауларын өзгерту мәселелері талқыланыпты.
«Атауы өзгеретін ең үлкен көшелердің бірі – Алмазов көшесі. Оған ұлы Отан соғысының батыры Хиуаз Доспанованың атын береміз. Өйткені, осы маңайда өзге батыр апаларымыз Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың ескерткіштері орнатылған», - дейді қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Роза Зайнуллина.
Сонымен қатар, Московская көшесі – Лев Гумилев, Петровский – Герольд Бельгер, Березовый – Ақ қайын, Алматинская – Алматы болып өзгереді.