Нұр-Сұлтанда автобус пен трактор соқтығысты: алты адам зардап шекті
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында, Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшелерінің қиылысында автобус пен трактор соқтығысты

Қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы София Қылышбекова Азаттық рухы тілшісіне алты адамның ауруханаға түскенін хабарлады.
«Бүгін таңертең таңғы сағат 09:10 шамасында қырқыншы бағытта жүретін қоғамдық көлік пен трактор соқтығысты. Алдын ала тексеру барысында анықталғандай, трактор тура келе жатқан автобусты жібермей, соқтығысқан. Алдын ала болжам бойынша алты адамды ауруханаға жеткізді. Тексеру жүргізіліп жатыр, апаттың мән-жайы анықталған соң, қосымша ақпарат таратамыз», - дейді ол.
Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы автобус жүргізушісінің жағдайы туралы мәлімет берген жоқ. Ал, автобустың ішінде отыздан астам жолаушы болғаны белгілі.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан