Табылған 6 мыңнан астам жәдігердің ең құндысы – араб графикасында жазылған қос кітап
Түркістан іргесіндегі Күлтөбе қалашығын зерттеу жұмыстары биыл жыл басында жанданған болатын. Археологиялық қазбалардың барысында көне қалашық орнынан алтын, темір және қоладан жасалған бұйымдар, монеталар мен органикалық заттар және өзге де құнды жәдігерлер табылған. Бұл туралы Түркістанда тарихшылардың қатысуымен өткен баспасөз жиынында айтылды.
Ғалымдар қорық-музей аумағында атқарылып жатқан археологиялық қазба жұмыстары мен оның нәтижесі және археологиялық саябақ құру, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жайын сөз етті. Олардың қатарында суретші-реставратор Қырым Алтынбеков, Күлтөбе археологиялық саябағына арналған жобаның жетекшісі Андрей Хазбулатов, тарих ғылымдарының докторы, археологтар Тамара Савельева, Мұхтар Қожа, Серік Ақылбековтер бар.
«Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен 2019-2021 жылдарға жоспарланған Күлтөбе қалашығын зерттеу және археологиялық саябаққа айналдыру жобасы қарқынды жүргізілуде. Терең зерттеулердің нәтижесі көптеген тарихи деректердің бетін ашып, құндылықтар қатарын толықтыра түсуде. Оның бір дәлелі – жыл басынан бері жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде 6000-нан астам артефакттің табылуы», - деді ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова.
Күлтөбеден табылған алтын, темір және қоладан жасалған бұйымдар, қыштар мен тиындар, органикалық заттар, тандырлы пештері бар тұрмыстық бөлмелер, ыдыс-аяққа арналған көптеген плиткалар, балалардың ысқырық ойыншықтары әр кезеңнің көрінісін айқындап беруде. Сондай-ақ, жуырда ғана табылған қыз-келіншектердің әшекей бұйымдары да ғұн кезеңінің жасалу технологиясынан хабар береді.
«Әдетте алтыннан жасалған жәдігерлер сырттағы обаларда табылады, қаланың ортасында емес. Күлтөбеден табылған сирек кездесетін жәдігердің де ерекшелігі осында. Мұның жасалу үлгісі сақ дәуірінде басқаша болған, қосымша тастарды әшекейлеп бетіне жапсыру болмаған. Бұл ғұн, сармат кезеңдеріне тән, II-III ғасырға тән алтындар қатарын толықтырып тұр. Әр кезеңге тән бірнеше алтындар табылып отыр. Бізді қызықтырғаны - сұрақ белгісіне ұқсас сырға Ол көбіне қыпшақтарға тән болған. Әрбір жәдігер ата-тегіміз бен салт-дәстүр ғұрпымыздан хабар береді», - деді тарих ғылымдарының докторы, археолог Мұхтар Қожа.
Сонымен қатар, Ясауидің ілімі тараған мәдени-рухани өлкедегі жер қойнынан табылған жәдігерлердің бірегейі – араб графикасында жазылған қос кітап. Жәдігерлердің бірі хумдан пештің ішіндегі құланды қыштар арасынан табылған.
«Күлтөбе – терең зерттеуді қажет ететін тарихқа толы өлке. Биыл жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары бірқатар табыстарға қол жеткізді. Көңіл қуанады. Мұндағы мамандардың арнайы шақыруымен келіп, қазбадан табылған кітаптарды қайта жаңартып, қалпына келтіруге кірістім. Жәдігерлер ағаш ұнтағынан жасалған секілді. Себебі, сақталуы өте нашар. Кейбір фрагменттері ғана сақталып, үгітіліп тұр. Көп еңбек етуіміз керек. Қайта қалпына келтіріп болған соң ішіндегі жазуларды толықтай оқып, зерттеуге мүмкіндік аламыз», - дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, суретші-реставратор Қырым Алтынбеков.
Айта кетсек, Күлтөбе қалашығындағы жұмыстарды Қазақ ғылыми-зерттеу институты «ERG Kөmek» корпоративтік қорының қаржылық қолдауымен жүргізуде. Институт құрамында белгілі археологтар мен ғалымдар, тарихшылар және реставраторлар жұмыс атқарады.