«Құдалық», «Ұзату той»: Алматыда той өткізу тоқтамай тұр

Тек соңғы бір аптада салынған айыппұл көлемі 5 млн теңгені құрайды

«Құдалық», «Ұзату той»: Алматыда той өткізу тоқтамай тұр
Фото: ашық дереккөзден

Алматы қаласының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде мониторингтік топтардың жұмысы барысында соңғы аптада 10 нысанда және 51 жеке тұлғаның карантин режимін бұзғаны анықталды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы – 5 млн теңге. Әкімшілік соттың қарауына  бір материал тапсырылды.

Мониторингтік топтар осы жылдың 17 тамызынан бері  шағын және орта бизнес өкілдерінің эпидемиялық талаптарды сақтауына қатысты 9 мыңнан астам тексеру жүргізген. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы 3801 хаттама толтырылды. 2693 жеке тұлғаға маска режимін бұзғаны үшін айыппұл салынған. ШОБ-тың 1635 субъектісі өз еріктерімен қызметтерін тоқтатты. Сотқа 19 материал тапсырылған.

«Негізгі тәртіп бұзу – маска режимінің сақталмауы, жұмыс режимінің бұзылуы, дезинфекциялық құралдардың жоқтығы, сонымен бірге жаппай көпшілік шараларды ұйымдастыру. Осы жылдың 18 қыркүйегінде Жетісу ауданындағы Жангелдин көшесі, 193 үй мекенжайында орналасқан «Данияр» мейрамханасында қыз ұзату тойының өткізілгені туралы ақпарат келген.  Мониторингтік топ тексеруге барғанда,  банкет 50 адамның қатысумен өткізілген. Жеке кәсіпкерге қатысты ҚР ӘҚ туралы кодексінің 425-бабының 1-тармағы бойынша 230 АЕК мөлшерінде әкімшілік құқықбұзушылық хаттамасы толтырылды.

Одан бөлек, осы жылдың 20 қыркүйегінде түнгі уақытта Медеу ауданында жекеменшік үйде құдалық өткізіліп жатқаны туралы ақпарат келіп түскен. Мониторингтік топтың Медеу ауданының жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен бірлескен тексеруі барысында ақпарат расталды.  Жеке тұлғаларға (шара ұйымдастырушыларына) қатысты екі әкімшілік хаттама толтырылды. Әуезов ауданының мониторингтік топтарының жұмысы барысында «Мята» кафетериінің түнгі сағат 23.00-ден кейін жұмыс істегені, сондай -ақ, адамдардың көп топтасып, жиналғаны анықталды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-тармағына сәйкес, 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды»,- деді Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бас мемлекеттік дәрігердің 2020 жылдың 15 тамыздағы №56 қаулысына сәйкес, отбасылық мерекелерді, есте қаларлық шараларды (үйлену тойлары, мерейтойлар, құдайы тамақ) өткізуге, сонымен бірге, үйге көп адамның келуіне қатысты салынған тыйым әлі де өз күшін жоймаған. Бұл шаралар коронавирус инфекциясының таралу қаупін төмендету үшін қажет. Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен 26 мониторингтік топ карантин шараларының сақталуын бақылап келеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.