Нұр-Сұлтан бойынша қашықтан оқыту үшін қанша техника алынды
Елорда әкімдігі ең төмен баға ұсынған үш компаниямен шарт жасасып отыр
Бүгін әлеуметтік желі арқылы брифинг өткізген Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова қашықтан оқыту процесін ұйымдастыру үшін неше техника алынғаны туралы және қанша техника алынатыны туралы мәлімет берді.
«Өздеріңіз білетіндей, жаңа оқу жылы 5-11 сыныптар үшін қашықтан басталды. Ата-аналардың өтініші негізінде 1-4 сыныптар үшін барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектептерде кезекші сыныптар ашылды. Қазір елорда мектептерінде 3 мыңнан астам кезекші сыныптар жұмыс істейді. Ондағы балалардың саны – 35 мың. Бұл жалпы бастауыш сынып оқушыларының 40%», - дейді ол.
Осылайша, қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін қалалық мектеп қорынан оқушылар мен мұғалімдерге 9 700 компьютер, 22 600 роутер берілген.
«Бұдан өзге, 34 472 компьютерді енді сатып аламыз. Үкімет резервінен 26 472 компьютер сатып алуға бюджет бөлінді және қосымша жергілікті бюджеттен 8 мың ноутбук сатып алынады», - деп хабарлады Қадырова.
Оның айтуынша, 2020 жылдың 7 шілде-7 тамыз аралығында білім басқармасының сайтында Нұр-Сұлтан қаласының білім беру ұйымдарына техника сатып алу үшін коммерциялық ұсыныстар қабылдау туралы хабарландыру жарияланған болатын. Сайтқа 10 әлеуетті компаниядан коммерциялық ұсыныс түскен.
«Осыған байланысты, мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау қағидаттарын сақтай отырып, ең төмен бағаларды ұсынған өнім берушілер «BSB Trade&Advertising« ЖШС, «Data line 24« ЖШС, «Best buy 01« ЖШС-мен шарт жасасу туралы шешім қабылданды. Өнім берушіні комиссия таңдайды, оған «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі қатысты», - деді ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан