Алматыда музейлер, кітапханалар мен хайуанаттар бағы қалыпты жұмыс режиміне көшті

Мәдени нысандар карантин шараларын сақтай отырып жұмысын жалғастырады

Алматыда музейлер, кітапханалар мен хайуанаттар бағы қалыпты жұмыс режиміне көшті
Фото: voxpopuli.kz

Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысына сәйкес, карантиннің жеңілдетілуіне байланысты 1 қыркүйектен бастап қалада мұражайлар, кітапханалар мен хайуанаттар бағы қалыпты режимде жұмыс істей бастады.

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК (Алматы музейі, Ықылас атындағы ұлттық аспаптар музейі, Д. А. Қонаев музейі, Н. Тілендиев атындағы мемориалдық музей, С. Мұқанов және Ғ. Мүсірепов атындағы әдеби-мемориалдық музей кешені, Райымбек батыр дәстүрлі музыка  мультимедиялық музей кешені) күнделікті 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.

Сондай-ақ, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Азия және Еуропа музыкалық аспаптарының жаңа залдары ашылған.

Карантин кезінде Алматы хайуанаттар бағында керік, зебра, Пржевальский жылқысының құлыны, бұғы, ақбөкен, түйе, жапон тырнасы, эму түйеқұсы және тағы басқалар дүниеге келді. Әр түрлі құстар мен жануарлардың жүзден астам баласы бар. Барлық төлдеген жануарлар төлдерімен бірге экспозицияда.

Хайуанаттар бағы күнделікті сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін жұмысын қайта бастады. Кассалар бұрынғы жұмыс кестесінен бір сағат ерте жабылады.

Қалалық кітапханалар да әдеттегідей 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істей бастады.

Сондай-ақ, кітаптарды үйге 15 күн алуға болады. Орталықтандырылған кітапхана жүйесі онлайн режимде басқа көптеген іс-шаралар өткізеді. Атап айтқанда, қазан айында балалар жазушысы С. Бегалиннің 125 жылдығына арналған онлайн режимінде халықаралық конференция өткізу жоспарлануда.

Мәдени нысандарға кіретін кезде қатаң түрде әлеуметтік қашықтықты және қорғаныс маскаларын тағып кіру қажет.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.