Алматы дәрігерлері өкпесі 100% зақымданған науқасты аман алып қалды
«Науқастардың өмірге деген ынтасы вирустан тезірек айығуға әсер етеді»
Карантин кезінде жұмыс істеген медициналық мекемелердің пациенттері есін жиып, өмірін сақтап қалған дәрігерлерге ризашылықтарын білдіре бастады. Осы уақыт ішінде Алматы қаласы Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының дәрігерлері ауыр жағдайда ондаған күрделі ота жасады, соның ішінде өкпесі 100% зақымданған науқастарды қалпына келтіру де бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Профессор Несіпхан Бектеновтың өкпесінің 96%-ы зақымданған.
«Әкем ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне түсті. Оның өміріне қауіп төнді, бірақ аурухана дәрігерлерінің кәсіби шеберлігі, адал жұмысы және біліктілігі арқасында әкем аман қалды. Ол бір айға жуық ауруханада жатты, оның 17 күнін жансақтау бөлімінде өткізді. Мен әкемнің өмірін сақтап қалған барлық дәрігерлерге, медбикелерге шын жүректен АЛҒЫС айтамын»,- деді профессордың қызы Сабина.
«Бұл науқас өте ауыр жағдайда түскенін ескеріп, біздің мамандар оған әлі де кеңес беріп қояды. Біз оны барлық медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында аман алып қалдық, бұл біздің аурухананың қалыптасқан дәстүрі ғой. Емдеу науқастың жағдайына байланысты үнемі түзетіліп отырды. Біз науқастарды тәулік бойы бақылап отырамыз, карантиннің ерекше жағдайларына қарамастан, дәрігерлер бірін-бірі алмастырады, медбикелер үнемі бақылау жүргізеді, санитарлар да көмектеседі, қарқынды терапия кезінде массаж жасау, науқасты аударып отыру, оны жалғыз қалдырмау өте маңызды»,- дейді жансақтау бөлімінің басшысы Тимур Райымжанов.
«Әрине, көп нәрсе медицина қызметкерлерінің жұмысына байланысты, бірақ науқастардың өмірге деген ынтасы да байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн. Бұл науқас өте қиын болған күннің өзінде де барынша позитивті көңіл-күйде болды. Біз адамдарды психологиялық тұрғыдан қолдауға тырысамыз, бірақ науқастың бәрі қайта жазылып, аяқтан тұру үшін барын салмайды. Несіпхан Бектенов өмір сүруге деген құлшынысы жоғары болды, ол өзін тастамады, сондықтан аман қалды», - дейді хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Бахтияр Бекешев.
Қазір профессор өз үйінде, жақындарының қасында, ақырындап қалпына келіп жатыр. Толық сауығып кеткеннен кейін оны ол ұзақ жылдар бойы дәріс берген Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дағы әріптестері мен студенттері күтеді.
Ал Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы бұрынғы жұмыс режиміне оралып, қазіргі таңда көпсалалы қалалық емхана ретінде жұмыс істеуде.