Атырау облысында 25 елдімекен интернетке қосылмаған
Қазір 3000 роутер мектептерге таратылып жатыр
Биыл Атырау облысы бойынша 196 мектепке 134 мыңнан астам оқушы баруға тиіс болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір олардың 82 мыңы қашықтан оқиды. Бірақ ата-аналар кейбір аймақтарда интернет жүйесінің әлісіздігі мен компьютерлердің жеткіліксіздігі салдарынан оқушылар толыққанды білім ала алмайды деп алаңдап отыр.
Үйден білім алатын балалар үшін 15200 компьютер берілді. Тамыз айындағы есеп бойынша 16 мың 346 отбасында компьютер жоқтығы анықталған еді. Оларды оқу жүйесіне қосуға республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Осылайша, қашықтан оқитын 82 мың оқушы білім бастауына қосылуы тиіс. Ендігі мәселе – интернетпен қамту. Орталық жүйеге қосылмаған ауылдарда жағдай көңіл көншітпейді.
«Әсіресе, қаланың өзінде 25 жаңадан бой көтерген елдімекен бар. Оның да мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Интернеті жоқ елдімекендерге оқитын балаларға 3000 роутерге тапсырыс беріліп, қазір мектептерге таратылуда», - деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев.