Шымкентегі тойханалардың бірі жекеменшік мектепке айналды
Ғимарат иесі қала әкімдігіне өзі ұсыныс жасапты
Шымкенттің жаңа әкімшілік іскерлік орталығындағы салтанат сарайы жекеменшік мектепке айналды. Ғимарат иесі қала әкімдігіне өзі ұсыныс жасапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Қазір мұнда 530 балаға орын дайын тұр. Дүйсенбіден бастап оқушылар сабақты бастайды. Карантин талаптарына сәйкес кезекші сыныптар келеді. Тіпті, санитарлық талаптардың орындалуына қажетті заттар да сатып алынған.
Зәулім ғимарат № 80 мектепке берілді. Ондағы бала саны 4,5 мыңның шамасында. Тоқсан мұғалім оқушыларымен бірге ауысып келген. Келешекте екі ауысымда 2400 бала оқиды деген жоспар бар.
Жергілікті атқамінерлер кәсіпкердің бұл ұсынысын қос қолдап қолдаған. Шымкентте әлі күнге 19 мектеп үш ауысымда бала оқытып отыр.
«Мемлекеттік мектептер бала оқытса да 27 мың теңге мен 32 мыңның арасында қаржыландырамыз, жекеменшік мектептер балаларды оқытса да сондай деңгейде қаржыландырамыз. Ал жеке меншік мектептің бізге қолайлысы не? себебі жеке меншік өзі кәсіпкер өзі ғимаратын салады, парталарын алады. Компьютер басқа да жабдықтармен қамтамасыз етед», - дейді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.