$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.11.2019, 23:23
Қоғам

Қазақстандағы 40 мың шаруа қожалығын әйелдер басқарып отыр

Нұр-Сұлтан қаласында екі күнге созылатын Ауыл әйелдерінің форумы өтіп жатыр

Қазақстандағы 40 мың шаруа қожалығын әйелдер басқарып отыр

Елімізде 40 мың шаруа қожалығын әйел басқарып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Үйдегі шаруамен түздегі ауыр еңбекті қатар алып, қайыспай көтерген осындай бұрымдылар бүгін елордада бас қосты.

Екі күнге жалғасатын ауыл әйелдерінің форумында нәтижелі жұмыспен қамту және ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту жайы талқыға салынады. Бұл ғана емес, жасыл технологияларды игеру және инновациялық жобаларды іске асыру жолдары да осы жиынның басты тақырыбы.

«Мал шаруашылығы берекелі кәсіп, алайда бейнеті де жетерлік» дейді Дина Кенжина. Жетпістің бесеуіне аяқ басқан қария 90-шы жылдардан бері мал шаруашылығымен айналысады. Басында отағасы бар еді, кейін ол өмірден өткеннен кейін бар ауыртпалықты өз мойына алды. Күн-түн демей, тынымсыз еңбек етті. Қазір сол кәсіптің нәсібін көріп отыр. Балалары ісін жалғастырып, қораны малға толтырды.

«400-ге жуық ірі қара, мың бас қой, жүздеген жылқы, сондай мал бар. Өте қиын шаруашылық. Жазғы маусымда көп, қыста оншақты адам, жазда 17-18 адам жұмыс істейді», – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Дина Кенжина.

Ауыл әйелдерінің 2-форумына еңбекқор әйелдер жиналған. Бірі шағын кәсібін ашып, халыққа қызмет көрсетіп отыр. Енді бірі мал бағып, ата кәсіпті қолға алған. Әйел әкім ауылдың жағдайына алаңдаса, депутат әйел халықтың жоғын жоқтайды. Форумда олардың бәріне ортақ мәселелер талқыланды. Кәсіпкерлікті дамыту, ауыл-аймақтың инклюзивтік, инновациялық және «жасыл» экономикасын жетілдіру жолдары айтылды. Сондай-ақ өңірлік саясат пен жерігілікті өзін-өзі басқаруды нығайту жайы көтерілді.

«Былтырдан бері біздің ұсынысымыз бойынша мемлекетімізде ауыл әйелдерінің форумын өткізу жоспарланып, мемлекеттік органдардың кестесіне кіріп отыр. Ол өте жақсы деп ойлаймын. Себебі 2008 жылдан бастап БҰҰ ұсынысы бойынша, 15 қазан күні халықаралық ауыл әйелдерінің күні болып аталып отыр. Біздің ұсынысымыз бойынша былтырдан бері Қазақстанда өтіп отыр», – деп атап өтті «Жасыл экономика және g-global» дамыту коалициясы төрайымы Салтанат Рақымбекова.

Форумда табысты әйелдер өз тәжірибелерімен бөлісіп жатыр. Шет мемлекеттерден келген сарапшы-мамандар да бизнес тақырыбында дәріс оқиды. Шеберлік сағаттары да ұйымдастырылады.
 

Серіктес жаңалықтары