$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.11.2019, 19:25
Қоғам

Қазақстанда ВИЧ инфекциясын жұқтырған шенеуніктер де бар

Елімізде ВИЧ инфекциясын жұқтырған алғашқы азамат 1993 жылы тіркелген

Қазақстанда ВИЧ инфекциясын жұқтырған шенеуніктер де бар
Шымкенттегі СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов

Бүгінде республикамызда ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың саны 24 мың адамға жеткен. 0-14 жас аралығындағылар саны – 497 адам, 15-19 жастағылар – 730 адам, 20-29 жастағылар 9153 адам, 40-49 жастағылар – 4014 адам, 50-59 жастағылар – 1377 адам, 60-тан асқандар – 345 адам.

Ал, әлем бойынша олардың саны 37 миллиноға жуықтаған. ЮНЭЙДС-тің шығыс Еуропа және Оралық Азиядағы аумақтық директоры Виней Салдана егер емдеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілсе, 2030 жылға қарай Қазақстанда бұл қауіп азаюы мүмкін екенін айтады.

Айта кету керек, қауіпті вирусты жұқырғандардың жас ерекшелігі әртүрлі. Бірақ, олардың дені 15 пен 49 арасындағы ұрпақ қалдыратын жастағы азаматтар екен, мұндай жастағы инфекция жұқтырған жандардың республика бойынша орташа көрсеткіші 0,25%. Ал, өңірлерге шағатын болсақ, бұл жағдай теріскейдегі өңірлерде орташа республикалық көрсеткіштен жоғары. Мәселен, Павлодар облысында – 0,53%, Қарағандыда – 0,47%, СҚО – 0,43%, ШҚО – 0,42%, Алматы қаласы – 0,38%. Ал Нұр-Сұлтанда 0.22% болса, Шымкентте 0.21%.

Өдеріңіз байқағандай, ВИЧ инфекциясының кеңінен таралуы бойынша Павлодар, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласы өңірлер арасында көш бастап тұр.

«Бұл инфекцияны жұқтыратындардың дені ерлер. Дегенмен, соңғы жылдары әйелдердің де қатары көбейіп келеді. Арасында жүкті әйелдер де кездеседі, сол жағдаймен өмірге дүниеге сәби сыйлап жатыр. Бұл ретте ВИЧ инфекциясын уақытылы анықтау, анадан балаға берілу жолдарының алдын алуға мүмкіндік мол. Жалпы алғанда, өңірлерде ВИЧ жұқтырған 296 ана сәбилі болған. Алайда, олардың бірде-біреуінен инфекция анықталмады», - дейді Шымкенттегі СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов.

Айтпақшы, осыдан 13 жыл бұрын Шымкентте жаппай ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың алды үйленіпті. Олардың бесеуі теңін тауып, өмірге дені сау балалар келген. Уақытылы алған ем вирустың көбеюін шектеп қана қоймай, науқастың ұрығын да тазартады екен.

Қазір Шымкентте ВИЧ жұқтырған 1444 азамат тіркеуде тұр. Олардың 200-ден астамы ем қабылдаудан қашып жүр екен. Қалғандарына уақытылы ем-дом жасалуда. Қауіпті дертті жұқтырудың негізгі үш жолы бар: жыныстық қатынас кезінде, анадан балаға табиғи берілу және қан арқылы. 2000 жылдардың басында ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың 95 пайызы есірткі қабылдау арқылы осындай дертке шалдыққан. Ал, қазір жыныстық жолмен жұқтырғандардың саны артты.

«ВИЧ инфекциясымен күресу бойынша ЮНЭЙДС қорының ұсынысымен әлемде 90-90-90 стратегиясы жолға қойылды. Сол арқылы 2020 жылға қарай ВИЧ жұқтырғандардың 90 пайызы өз кеселі жайлы білетін болады. Бұл стратегия Қазақстанда да қолға алынды. Осыдан 2 жыл бұрын денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен біз де осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз», - дейді ол.

Бұрын-соңды Қазақстанда 90 пайыз деген түсінік болмаған, тек иммунитеті әлсіреген науқастарға ғана ем тағайындалып келген. Қазір жаңа стратегия бойынша ВИЧ инфекциясын кімдер жұқтырса, олардың барлығына ем тағайындалады және ол тек науқастың келісімен ғана жүргізіледі. Осылайша, бүгінде Шымкенттегі қауіпті дертке шалдыққандарды емдеу шаралары артып, 83 пайызға жеткен.

Емнен бас тартатындар да аз емес. Өйткені, ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың ішінде көзі ашық, әлеуметтік жағдайы жақсы, басшылық қызметте істейтіндер де бар. Олар өз дерті жайлы ашық айтқысы келмейді. Себебі, қызметінен айрылып, қоғамнан шеттетіліп қалудан қорқады екен. Сондықтан, дәрігерлер тізімді құпия ұстап, БАҚ-та бұл жайлы ақпараттар жариялағанда сақ болған жөн дейді. Алайда, мамандар БАҚ беттерінде қауіпті дерт жайлы ашық жазыла бастағалы қоғамның да беті бері қарай бастағанын жоққа шығармады. ВИЧ инфекциясымен күресте ақпараттық насихаттың рөлі жоғары екен.

«Кейбір инфекция жұқтырған адамдар өзге ағзаларыма кері әсер етеді деген желеумен ем алудан қашады. 90 жылдары қауіпті кеселді жұқтырғандар наркомандар болса, қазір олардың қатарында оқыған, көзі ашық интелегенция өкілдері де бар. Олардың 80 пайызы жыныстық қатынас кезінде жұқтырған. Бәрін білсе де, жыныстық қатынас кезінде қорғанбайды. Мен таза жерде жүремін, маған жұқпайды деп ойлайды. Бір жігіттің «Ол қыз өте сұлу еді. Одан инфекция жұғуы мүмкін дегенге сенбес едім» дегені әлі есімде. ВИЧ-ті жұқтырған адамның сыртқы бейнесінен ештеңе байқалмайды. Тіпті, басқа дертке шалдығып, ағзаларын тексертсе де анықталмайды. ВИЧ-тің өз анализ алу жолы бар», - дейді Шымкенттегі СПИД-ке қарсы күрес орталығының психотерапевт дәрігері Рая Мамедова.

Республикамызда ВИЧ-ке қарсы тексерілу және емделу тегін. Бірақ, мамандар елдегі азаматтардың денсаулығына селқос қарайтыны қынжылтады дейді.

Арай Есенбек, Шымкент

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#ВИЧ #Шымкент