$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.11.2019, 14:43
Қоғам

Антибиотик жұқпалы ауруларды емдеуге «қауқарсыз» болып барады

Мұның басты себебін мамандар адамдардың антибиотиктерді бей-берекетсіз қолдануымен түсіндірді

Антибиотик жұқпалы ауруларды емдеуге «қауқарсыз» болып барады

Алматыда санитар дәрігерлер микробқа қарсы төзімділікті қадағалау жөнінде кеңесті. Дәрігерлер антибиотиктерге төзімділік бүкіл әлемде қауіпті деңгейге жеткенін айтады. Қазақстанда да антибиотикті бақылаусыз сатып алу, оның халықтың шамадан тыс тұтынуы инфекциялық аурулардың алдын алуға кедергі келтіріп отыр, дейді мамандар. 

Azattyq Rýhy тілшісі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінен, отандық дәрігерлерден бұл құбылыстың негізгі себептерін сұрап білді. Жыл сайын дүние жүзінде 2 млрд адам түрлі жұқпалы аурулармен ауырады екен. Олардың 17 миллионы осы инфекцияны жеңе алмай өмірден өтеді. Медицина мамандарының айтуынша, бұған негізгі себептердің бірі – антибиотиктерге деген резистенттік. Яғни, дәрілер қауіпті ауруларға төселіп алып, қарсы тұру қабілеті төмендейді.  

ДСҰ өкілі Бибігүл Әубәкірова антибиотик ауырған кезде көмектесетін үздік құрал ғана екенін айтады. Бірақ оны қалай және қай кезде қолдану керектігін білмей, бейберекет сатып алып, өз бетінше тұтыну бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Бұл проблема өткен ғасырдың елуінші жылдары көтерілген. Қазір ол шарықтау шегіне жетіпті.  

«Адам ауырады, сосын ол дәрігерге бармай-ақ антибиотик қабылдауға бекінеді. Таныстарынан естіген немесе интернеттен оқыған ақпаратпен дәріханадан өз бетінше дәріні алады, екі күн оны ішкен соң, өзін жайлы сезінеді. Бірден оны тұтынуды тоқтатады. Екі ай өткенде тағы қайталанады. Ол бұрынғы антибиотикті есіне түсіреді де, тағы да соны тұтынады. Соның салдарынан қауіпті микроб толық өлмейді, науқас тиісті емді аяғына жеткізбейді. Осыдан барып адамның ағзасына дәрінің төзімділігі әлісіреп, ауруға ол антибиотик көмектесе алмайтын жағдай қалыптасады»,- дейді дәрігер Бибігүл Әубәкірова.

Антибиотиктің Қазақстанда қанша түрі бар деген сұраққа жауап беру қиын дейді балалар инфекционисі Динагүл Баешева. Бірақ олардың елге кіргізілуінде бақылау бар екеніне ол сенімді. Себебі лицензия немесе сертификаты жоқ дәрі-дәрмектер дәріханаларда саудаланбайды. Елде 2016 жылдан бері дәріні рецептсіз сатпау туралы министрдің  бұйрығы да бар. Бірақ антибиотиктерді саудалауда аталған бұйрыққа бағына бермейтін фактлер көп дейді Нұр-Сұлтан қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының профессоры. 

«Қазір науқастар арасында антибиотикті бақылаусыз қолдану белең алды. Антибиотик дәрілері үздіксіз қолданылған кезде, пайдалы бактериялар өзгеріске ұшырайды да, зиянды бактерияға айналады. Сондықтан әлемнің ғалымдары бұл дәрілерді тұтынуды азайтуды айтудан жылығар емес. Бейберекет іше беру инфекцялық ауруларға төзімдлігін жоғалтып барады. Бүгінгі конференцияда осыны көтеріп отырмыз. Мұны үкімет қаулысы немесе дәрігерлердің насихатымен тоқтату қиын. Халық өзі түсініп, осы қадамға аяқ басуы керек. БАҚ өкілдері де осыны жиі айта беруі тиіс», - дейді Динагүл Баешева.

Антибиотикке төзімділіктің әлсіздігі жағынан туберкулез, пневмония, гонорея және сальмонеллез сияқты жұқпалы дерттер алдыңғы орында. Антибиотиктерге төзімділігі кесірінен туберкулезден жылына 250 мың адам ажал құшады. 

Мамандар туберкулездің жазылмайтын түріне шалдыққандарға құрт ауруына қарсы ешбір дәрі әсер етпейді дейді. Себебі науқас антибиотикті бейберекет ішкенде осындай клиникалық белгілер көрініс береді. Кох таяқшасының қоздырғышы барлық дәрілерге төзімді болып келеді. Сондықтан бой бермей кетеді. Мұндайда дәрігерлер туберкулезбен науқастанған адамдарды сау адамдардан оқшаулаудан басқа амалдары қалмайды. Бұл да медицинаның үлкен проблемасы, дейді мәжіліске қатысушылар.  

Ведомствоаралық үйлестіру тобының мәжілісі екі күнге созылады. Қазақстандық микробиологтар медициналық, ветеринарлық және фитосанитарлық қызметтер саласында мамандардың пкірін тыңдап, арнайы нұсқаулық әзірлейді. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары