Жантөрин мен оның сыбайластары ай сайын қанша көлемде пара алғаны айтылды
Алматы облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары мен оның сыбайластары туралы жаңа деректер пайда болды
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде Бауыржан Жантөрин бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтың қалай әрекет еткені айтылды. Агенттіктің 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бегайдаровтың хабарлауынша, Жантөрин және оның әріптестері 25 тасымалдаушы компанияға тиесілі әрбір жүк көлігі үшін жүйелі түрде 25 мың теңгеден алып отырған. Есесіне, жүк көліктерінің Алматы қаласы мен облыс аумағында еш қиындықсыз жүріп тұруына кепілдік берген. Яғни, жүк салмағын мөлшерден тыс арттырып жібергені анықталса да әкімшілік жауапкершіліктен құтылып кетіп отырған. Құқық қорғау органдары ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты осындай 17 факт тіркелгенін айтады. Жантөринмен бірге оның сыбайластарына да ақшалай айыппұл салынған.
«Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері Шағырбаев мен Мадимовқа 6 млн теңге, Іңкәрбекке 7 млн теңге айыппұл салынды. Сәдуақасов бес жылға бас бостандығынан айырылды», - деді аға тергеуші Данияр Бегайдаров.
Полиция қылмыстық фактілерді бірнеше кісінің арыз-шағымы арқылы анықтаған. Бұған дейін БАҚ беттерінде ұйымдасқан топ құрамында 20 шақты адам болғаны және пара берген тасымалдау фирмаларының көбі Батыс Қытай – Батыс Еуропа автомагистралінің құрылысында жұмыс істегені туралы жазылған еді. Жантөрин мен оның сыбайластары ай сайын орташа есеппен алты миллион теңгені қалтаға басып отырғаны да айтылды.
Бегайдаров басқа қалаларда да осыған ұқсас жағдайлар көп кездесетінін айтты. Мысалы, Елорданың көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері жүк көліктерінің әрқайсысынан қала аумағында «еркін жүріп-тұруы» үшін жүйелі түрде 50 мың теңгеден алып отырған. Қазір іс бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аяқталған.
Сондай-ақ Ақмола облысында да осыған ұқсас жағдайлар болған.
«Көкшетау қалалық сотының шешімімен Ақмола облыстық көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы Оспановқа 3,3 млн теңге, инспекцияның бұрынғы қызметкерлері Үсентаевқа 1 млн 790 мың теңге, Нұрбековке 1 млн 100 мың теңге айыппұл салынды. Оспанов қызметін асыра пайдаланып, алаяқтық жолмен жолаушылар тасымалы бригадирлерінен жүйелі түрде 5-20 мың теңге аралығында алып отырған. Жолаушыларды билетсіз, жүкті заңсыз тасымалдауға қатысты 17 факт тіркелді», - деді Д. Бегайдаров
Еске салайық, биыл сәуір айында Алматы облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Бауыржан Жантөринге сот 100 млн теңге айыппұл салған еді. Оған және әріптестеріне жүк тасымалымен айналысатын компаниялардан пара алып отырған деген айып тағылған.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан