Шымкентте екі бірдей ұлынан айрылған ата-ана өлімге дәрігерлерді кінәлады
Бүлдіршіндердің үлкені 4-ке, кішісі әлі бір жасқа толмаған

Бір күнде қос баласынан айрылып қалған Артық пен Арайлым Ботаевтар қайғылы жағдайға дәрігерлердің де кінәсі бар деп есептейді. «Астана» телеарнасына сұхбат берген ерлі-зайыптылар қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді.
Олардың айтуынша, шақыртумен келген жедел жәрдем бригадасы балаларды алып кетпей, үйде емделуге кеңес берумен шектеліпті.
«Алғаш рет дәрігерлерді түнгі 3:40-та шақырдым, үш баламның да ауырып жатқанын айттым. Олар келген соң менің де, кіші ұлымның да құсып жатқанымызды көрді. Бірақ, біздің ауруханаға барудан бас тарту туралы қағазға қол қойып бергенімізге мәз болды да, кетіп қалды», - дейді қара жамылған Арайлым Ботаева.
Жағдай ушыққан соң таңға қарай жедел жәрдем екінші рет шақыртылған. Алайда, кішкентай қос құлыншақты аман алып қалу мүмкін болмады. Отағасы Артық Ботаев ауруханаға бас тарту қағазын өз қолдарымен толтырып бергенін мойындайды. Бірақ, балалардың қандай жағдайда екенін көріп тұрған дәрігерлер сөзге келмей оларды өздерімен алып кетуі керек еді дейді ол.
Қазір балалардың нақты неден уланғаны анықталып жатыр. Тамақтан немесе газдан деген екі болжам бар. Артық Ботаев газдан улануымыз мүмкін емес дейді. Ал, дүкеннен сатып алып жеген тұшпара өлімге себеп болуы әбден мүмкін.
«Тұшпара соңғы асымыз. Газ ашық қалмады, ашық қалса иісін дереу сезер едім. Тамақты балдызым ғана жеген жоқ, ол дін-аман. Ал, жеген біздің бәріміз уландық», - дейді отағасы.
Балаларға ауруханаға жеткізілгеннен кейін де шұғыл көмек көрсетілмеген деп мұңын айтты олардың анасы. 10 айлық сәби такскология бөлімшесінде Арайлымның қолында жан тапсырған.
«Дәрігерлер көмек көрсетудің орнына жағдай сұраумен уақыт өткізді. Оларға бір рет емес, үш рет айттым баламның жағдайы нашар екенін», - деп көзіне жас алды Арайлым Ботаева.