Ақбөкендерді заңсыз аулағандар арнайы есепке алынады
Биылғы жылы ақбөкендерді заңсыз аулау, мүйіздерін сатып алу және сату деректері бойынша 56 сотқа дейінгі тергеу ісі басталған

Қазақстанда ақбөкендерді заңсыз аулағандар арнайы есепке алынады. Ішкі істер министрлігінің комитет төрағасы Мақсат Байболов бүгінде бұл тізімге 80-нен астам браконьердің іліккенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР ІІМ Әкімшілік комитеті жақында осы қылмысқа қатысты заңды қатаңдату барысында мемлекеттік инспекторлардың қару қолдануына рұқсат берген болатын.
«Мемлекеттік инспекторлардың қызметтік автокөліктерін жаңартамыз. Көліктерде арнайы жарық, дыбыс сигналдары болады. Құқық қорғау және арнайы органдардың автокөліктері секілді бір түсте боялады. Тиісті өзгерістер заңнамаға енгізіледі», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік комитетінің төрағасы Мақсат БАЙБОЛОВ.
Биылғы жылы ақбөкендерді заңсыз аулау, мүйіздерін сатып алу және сату деректері бойынша 56 сотқа дейінгі тергеу ісі басталған. Ақбөкен аулауға қатысты жалпы 46 адам ұсталып, олардан 612 киік пен 687 мүйіз тәркіленген. Қылмыстың осы түрі бойынша соңғы 5 жылда мемлекетке келген шығын көлемі 11 млрд теңгеге жеткен.