Көкшетау іргесіндегі жолсыз, жарықсыз отырған станция тұрғындары базынасын айтты
Чаглинка станциясы тұрғындары ондаған жылдар бойы төрт бірдей асфальт зауытынан шығатын түтіннен зардап шегіп келе жатқанын айтты

Көкшетау қаласынан шамамен, 10 шақырым жерде орналасқан Чаглинка станциясы тұрғындары ондаған жылдар бойы төрт бірдей асфальт зауытынан шығатын түтінге тұншығып келе жатқанын айтады. Бұл мәселе осыған дейін де сан мәрте көтеріліп, бірнеше рет зауыттардың басшылығына, жергілікті билік органдары өкілдеріне айтылған. Алайда, тұрғындар әзірге еш нәтиже болмағанын айтады. Зауыттар түтін тарамас үшін сүзгі қондырғыларын орнатқан. Тұрғындардың айтуынша, арада аз уақыт өтпей сүзгілері істен шығып қала беретін көрінеді. Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі станция тұрғындарымен кездесіп, мәселенің мән-жайына үңіліп қайтты.
Жиырма шақты отбасы тұратын станцияда түтіннен бөлек, басқа да мәселелер көп екені белгілі болды. Станция облыс орталығының іргесінде орналасқанмен, бұл жерде шешімін таппаған әлеуметтік мәселелер шаш етектен екен.
«БІЗДІ БӘРІ ҰМЫТЫП КЕТТІ»
Чаглинка станциясының тұрғыны Жанна Аспанова отыз жылдан бері осы зауыттардың шаңы мен түтінінен көз ашпай келе жатқанын айтты.
«Жел соқса станция түтінге оранып, дем алу қиынға соғады. Сасық иісі қолқаны қабады. Кір жайсақ, оны шаң басып, ыс сіңіп қалады. Бірақ біздің шағымымызға құлақ асатын ешкім жоқ. Станцияда жарық та жоқ. Алексеев ауылдық округінің әкімі Қайрат Алхатов наурыз айында жарық берілетінін айтып, уәде еткен. Әкімнің уәдесі сол жерде қалды. Халықтың әбден жанына батқан осы мәселелерді облыс әкімінің алдында көтеру үшін қабылдауына жазылмақ болдым. Бірақ карантинге байланысты облыс әкімінің қабылдауында болу мүмкін болмады. Аймақ басшысының қабылдауына жазылмақ болғанымнан сескенді ме екен, округ әкімдігі бірден станцияға шамдар ілді. Бірақ арада бес ай өткенімен, әлі жарық жоқ», - деп шағымданды тұрғын.
Станция тұрғындарын мазалайтын тағы бір мәселе – жол азабы. Жергілікті билікке сөзі өтпеген халық өз қалтасынан қаражат шығарып, қиыршық тас төккізген. Бірақ үйілген құм-тасты тегістеп беретін техника таба алмаған.
«Көкшетау-Петропавл күре жолынан біздің станцияға дейінгі жолдың әбден тозығы жеткен. Шұрық тесік, ойдым-ойдым жолдан көлік түгілі, адам әрең жүреді. Біреу-міреу ауырып қалса, біздің станцияға қаладан жедел жәрдем келмейді. «Трассаға жеткізіңіз, ішке кіре алмаймыз» деп телефон арқылы бас тартады. Ауылдық округ орталығы Алексеевте де жедел жәрдем көлігі бар. Оған хабарласудың өзі де бір азап. Көп жағдайда телефон көтермейді. Жедел жәрдем көлігі үнемі бұзылып жатады. Ал оқушыларды теміржолдың келесі бетіндегі Нефтебаза селосындағы тоғызжылдық мектепке жібереміз. Балаларды апаратын жалғыз газель жолдың нашарлығынан күнара бұзыла береді. Оқушылар сондай күндері мектепке жаяу барып-келуге мәжбүр. Тоғызыншы сыныптан кейін ата-аналар баласын қаладағы танысының, туысының үйіне орналастырады немесе жалдап оқытады. Көкшетаудан бізге жалғыз автобус қатынайды. Карантин болғалы бері оның өзі де тоқтап қалды. Былтыр қыста естен кетпес оқиға болды. Балалар әдеттегідей таңертең газельмен мектепке кеткен. Жолда көлік бұзылып, балалар жаяу қайтқан. Қайтар жолда теміржол арқылы өткенде алдынан пойыз шығып, менің ұлымның шағын рюкзагы пойызға ілігіп, баланы сүйрей жөнелген. Балам дереу сөмкесін шешіп үлгеріп, абырой болғанда аман қалды. Жылдар бойы жолды жөндеуді сұрағанымызбен, еш нәтиже шықпады. Сосын тұрғындар бірігіп қаражат жинап, жолға құм-тас төктірдік. Бірақ оны тегістейтін техника таба алмай отырмыз. Жауын жауса оның бәрі сумен ағып кететіні анық. Станцияда ойын жасындағы балалар көп. Бірақ балалар ойнайтын бірде-бір ойын алаңы жоқ. Балаларға теміржолдың арғы бетіндегі Нефтебаза селосына жаяу баруға тура келеді. Ауыл әкімдігіне бірнеше рет барған соң, екі ай өткенде трактормен аз-маз құм төгіп кетті. Мән-жайды айтсақ, бюджетте ақша жоқ деп кері қайтарады. Зауыт басшысы Александр Бычковпен де осы мәселе бойынша сөйлестік. Былтыр жолымызды жөндеуге уәде беріп, өзара келісімге келгенбіз. Бірақ әлі күнге станцияға кіретін жолды жөндеген жоқ. Тіпті, бізді Құдай да ұмытқан ба дейміз...», - дейді Жанна Аспанова шағымын айтып.
Ауыл әкімі станциядағы жағдайдың қиын екенін мойындап, мәселенің біртіндеп шешімін тауып келе жатқанын айтты. Бюджет қаражаты жетпейтіндіктен, тұрғындардың шағымдарын толықтай орындау мүмкін болмай отырғанын алға тартты.
«Чаглинка станциясында қос пәтерлі 16 үй бар. Биыл тендер ойнатылып, шетелдік технологиямен отын зауыты салынуда. Мемлекет пен жекеменшік әріптестік шеңберінде мердігер компания «Арлан-2004» ЖШС-мен бірлесіп Советская, Школьная, Привольная көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Асфальт зауыты басшыларынан күрежолға шығатын жолды жөндеуге көмек сұрадық. Олар көмек көрсетуден бас тартып отырған жоқ. Жақын арада шаруаларын бір ізге түсіріп алған соң жолды жөндеп беруге уәде берді. Чаглинка станциясы мен Нефтебаза селосы тұрғындарының зауыттан шығатын түтіннен қиналып отырғаны жайлы басшылығына ресми хат та жолдадық. Зауыт басшылығы барлығы санитарлық нормаларға сәйкес екені жайлы жауап қайтарды. Теміржолдан өтетін тұста арнайы жол төселді. Жолдан өтуге болатынын немесе болмайтынын сұрайтын арнайы сигналдық қондырғы орнатылды. Бірақ теміржолдан асып өтетін көпір салуға қомақты қаражат керек. Ол үшін бюджетте ақша қарастырылмаған. Электр бағандарына шамдар ілінген. Осы қыркүйекте жұмысты аяқтап, жарық қоспақпыз. Ауылдық округтетбалаларға арналған барлығы төрт ойын алаңы бар. Бюджетке спорт алаңын салу туралы өтініш берілген. Әзірге қаржының жоғы ойын алаңын салуға қолбайлау болып тұр. Ауыл тұрғындары сұраған соң трактормен құм жеткізіп бердік», - дейді ауылдық округ әкімі Қайрат Алхатов.
ЗАУЫТ БАСШЫЛАРЫНЫҢ ЖАУАБЫ: БӘРІ ТАЛАПҚА САЙ
Асфальт өндіретін зауыт басшыларының бірі Александр Бычков өздерін салыстырмалы түрде шағын кәсіпорын екенін алға тартып, басқа зауыттардың көп мөлшерде зиянды қалдықтар шығаратынын жеткізді.
«Біз қиыршық тастарды ұсақтаумен айналысамыз. Бұл жерде төрт бірдей кәсіпорын жұмыс істейді. «Көкшетау жолдары» кәсіпорнының екі бірдей зауыты бар. Олар тәулік бойы бір тынбайды. Біз күнара жұмыс істейміз. Сондықтан зиянды қалдықтарды да барынша аз шығарамыз. Чаглинка станциясындағы жолды жөндеу бойынша Алексеев селолық округі әкімдігімен келісіп, көмек беретін болдық. Мұның бәрі хаттарда көрсетілген. Біз мемлекеттік сатып алу бойынша міндеттемелерді уақытында орындап, бюджет қаражатын игеруіміз керек. Тұрғындар арыз-шағымын жаза береді. Бізге жұмыс істеуге кедергі келтірмеуін сұраймын. Жетпістен астам адам жұмыс істеп жатыр. Барлығы заңға сәйкес», - деді «Промстройнедра» ЖШС басшысы Александр Бычков.
Ал «Көкшетауавтожол» кәсіпорнының басшысы Рустем Бадалян зауыттан ешқандай түтін шықпайтынын жеткізді.
«Біздің қатысымыз қанша?! Бұл жерде бес-алты зауыт жұмыс істейді ғой. Біздің зауыттарда арнайы сүзгіш қондырғылар орнатылған. Сондықтан қою түтін шықпайды. Барлық экологиялық нормалар сақталған», - дейді Рустем Бадалян.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы