Атырау облысында шектеу шаралары 14 қыркүйекке дейін ұзартылды

Тұрғындар мен автокөліктерге сағат 00.00-ден 6.00 аралығында жүруге тыйым салынды

Атырау облысында шектеу шаралары 14 қыркүйекке дейін ұзартылды
Фото: ашық дереккөзден

Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Ғайнеденовтің арнайы қаулысы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Атырау облысының аумағында 2020 жылғы 31 тамыз сағат 00:00-ден 14 қыркүйек сағат 00.00-ге дейін шектеу шаралары ұзартылсын. Бес жасқа дейінгі балаларды, қоғамдық тамақтану орындарында тамақтану жағдайларын, жеке және 5 адамнан аспайтын топтық спортпен айналысатын адамдарды қоспағанда, әлеуметтік қашықтықты міндетті түрде сақтай отырып, қоғамдық орындарда, қоғамдық көліктерде, халыққа қызмет көрсету және демалуға арналған ғимараттарда, ашық ауада медициналық немесе мата бетперделерін кию міндетті», - делінген құжатта.

Қаулыға сәйкес, тұрғындар мен автокөліктерге сағат 00.00-ден 6.00 аралығында жүруге, думанды, ауқымды спорттық шаралар, көрмелер, форум, конференция, сондай-ақ, отбасылық, еске алу, оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де шаралардың өткізілуіне тыйым салынады. Сонымен қатар ойын-сауық орталықтарының, фудкорт, банкет залдары, бар, караоке, қоғамдық жағажайлардың, аквапарктердің, аттракциондардың қызметіне рұқсат берілмейді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.