ІІМ интернет арқылы есірткі сатқаны үшін 100-ден астам іс қозғады
Жыл басынан бері есірткі мен психотроптық заттардың таралуы туралы ақпаратты қамтитын 700-ден астам сайт, аккаунт және басқа ресурстар анықталып, бұғатталды
Есірткі жарнамасын жасап, интернет арқылы оны сатқаны үшін ІІМ жүзден астам іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Осы жылдың басынан бастап интернет арқылы есірткіні өткізудің 100-ден астам фактісі анықталды. Есірткіні жарнамалау және насихаттау үшін 56 қылмыстық іс қозғалды»,- деп хабарлайды ҚР Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті.
ІІМ мамандары қауіпті үрдіс туралы айтады: соңғы айларда біздің республика аумағында есірткі зертханалары пайда бола бастады. Егер бұрын шетелден әкелінген есірткілерді тарату туралы сөз болса, бүгінде оларды дербес өндіруге талпыныс бар.
ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқармасы бастығының орынбасары Илья Канцеров есірткі сатушыларды анықтаудағы қиындықтар туралы айтып берді. Оның айтуынша, көбінесе Қазақстан Республикасының аумағында есірткі сату кезінде пайдаланылатын интернет-платформа шетелде болуы мүмкін. ІІМ қызметкерлері «Кибернадзор» ақпараттық жүйесінің көмегімен есірткіні жарнамалау және өткізу фактілерін, сондай-ақ интернет желісінің ұлттық сегментіндегі басқа да құқыққа қарсы контентті анықтайды.
Жыл басынан бері есірткі мен психотроптық заттардың таралуы туралы ақпаратты қамтитын 700-ден астам сайт, аккаунт және басқа ресурстар анықталып, бұғатталды.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсанында ақпараттық технологияларды қолдана отырып, есірткі айналымы саласындағы қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейтін заңнамаға түзетулер қабылданды. Ол бойынша есірткі сату ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылған.
Ақпараттық жүйелер арқылы есірткі сатқаны үшін жауапкершілік енгізілді (мүлкін тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру); есірткіні тұтынуға көндіргені үшін (3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру); есірткі дайындау үшін пайдаланылатын заттардың заңсыз айналымы (7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру). Қылмыстық кодекске есірткіні насихаттағаны және жарнамалағаны үшін жазаны көздейтін жаңа бап енгізілді (3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру).