ШұғылСоңғы бір аптада коронавирустан 54 қазақстандық қайтыс болды

«Байқау әділ өтпеді»: Шымкентте қайтарымсыз грант ұта алмаған тұрғындар шу шығарды

Олар байқаудың әділетсіз өткенін айтып отыр

Мемлекеттен қайтарымсыз берілетін 5 миллион теңгені алатындар тізіміне ілінбеген шымкенттіктер шу шығарды. Олар «Бизнестің жол картасы-2025» бағдаламасы аясында қысқа мерзімді курстарды оқыған. Өз бизнесін бастаудың жолдарын меңгерген тұрғындар мемлекеттің грантын ұтып алу үшін бес ай дайындалған. Қомақты қаржыға ие болғысы келетін болашақ кәсіпкерлер инновациялық әрі бәсекелестікке төтеп бере алатын, сұранысқа ие жобаларын ұсынып, оны 10 адамнан тұратын комиссия алдында дәлелдеулері тиіс болған. Тамыз айында онлайн режимде бизнес жобаларын қорғаған халық енді комиссия шешімінің әділ екеніне күмәнданатындарын айтып, дау шығарды.

«Менің жобам электр құралдары жөнінде еді. Бір минут аузымды аштырмады. Жақсылап тыңдаған адам болмады. Комиссия мүшелеріне қарнымыз ашады. Бізге бизнес-жоба жасатты, бір ай оқытты. Арамызда екінші мәрте тапсырып жатқандар бар. Өтініш, бізді естіп көрсінші, біз әкімдікті таңғы сағат тоғыздан бері жағалап жүрміз», -дейді Нұрбол Жандаров.

Олардың айтуларынша, экранның ар жағындағы шенеуніктер грантқа үміткерлерді толық тыңдамай, еркін сөйлеуге уақыт та бермеген көрінеді. Ашулы тұрғындар оның себебін, грант алатын адамдар тізімі «алдын ала шешіліп қойғандықтан» деп түсіндірді. Мақпал Көлбаева әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататын жандардың бірі. Шымкентте отбасымен нан өнімдерін пісіріп сатады. Байқаудан өте алмаған әйел бизнес-жобаны өзі жасамай, өзгеден сатып алғанын мойындады.

«Күнделікті нан тұтыну өсіп жатыр. Үлгере алмай жатырмыз. Соған аппарат сатып алайық деп едік. Бизнес-жоспарды ақшаға жазғыздық қой. Енді мынандай жағдай болып тұр. Естуімізше, қаражаттың 20 пайызын берсең, алдын ала орынға тұрады екенсің. Оған 20 пайызды қайдан бересің, өзің нан сатып, әрең күн көріп отырсаң», - деді  ол.

Қала әкімінің сыртқа шығуын талап етіп, айқайға басқан аз ғана жұрттың алдына кәсіпкерлік бөлімінің мамандары келгенімен, олардың сөздерін ашулы жұрт тыңдамады.

«Менің ұсынғаным – жасанды интеллект жобасы. Бұл Шымкент түгілі, тіптен Қазақстанда жоқ. Талаптары инновация болған соң, мен осыны алып келдім. Бірақ олар оны түсінгілері келмейді. Мемлекеттің бір айлығына «жатып алған» адам ешқашан бизнестің мәнісін түсінбейді. Сондықтан біз барлығын қайтадан қарауын талап етеміз. Инновация болмаса, ол жоба өтпеуі керек. Онда не үшін кірпіш шығаратын зауыттарға береді. Онсыз да қаншама зауыт бар. Қымызды екінің бірі сауады. Сол инновация ма? Белгілі бір сомасын сұрайтынын естідім. «Гранттан ұтатын болсаң, сенен мынанша теңге ұстап қалады немесе алдын ала бересің» деген. Оны баршамыз естіп тұрмыз», - деді Гүлшат Батырбек.  

Алайда, Шымкент қаласының әкімдігі жиналғандардың сөзін жоққа шығарды. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасының шарттарына сәйкес грант сомасы 2-5 миллион теңге аралығында бөлінеді. Оған тек халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтар қатысады. Биыл грант алуға 176 өтінім түссе, олардың арасында 52 адам жеңімпаз атаныпты.

«Конкурстық комиссия құрамы жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелері өкілдерінің, салалық сарапшылардың, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының және кәсіпкерлердің қатысуымен құрылған. Хабарландыру белгіленген күннен бастап 15 күн ішінде құжат қабылданады (15-29 маусым аралығы). Комиссия отырысы карантиндік режим болуына байланысты ZOOM желісі арқылы тамыз айының 11-12 күндері өткізілген. Биыл мемлекеттік гранттар конкурсына 176 өтінім түскен. Оның ішінде, конкурс нәтижесі бойынша 52 жеңімпаз анықталды, олардың 19-ы әлеуметтiк жағынан осал топтарға жататын азаматтар. Мемлекеттік гранттар беру конкурсы бюджет қаражаты болған жағдайда, жылына кемінде 2 (екі) рет өткізіледі», - деді Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Арай Есенбек.

Әмірболат Құсайынұлы, Шымкент