Қазығұртта пайда болған пирамидалардан шенеуніктер «шошып» жатыр
Оларды тұрғызған ер адамның айтуынша, пирамидалар «Қазақстандағы жамандықтарды жояды»
Өзін ғалыммын деп санайтын Бералы Артықәлиев Қазығұрт тауында қалың пирамида орнатқан. Темір бетондардан жеті пирамида орнатқан ол «Арыс оқиғасына дейін салғанда, жарылыс болмайтын еді» деген пікірде. Бұл туралы «Еуразия» арнасының тілшілері хабарлайды.
«Түсіме Пайғамбар еніп, бұрын Қазығұртта жеті пирамида тұрған, оларды қайтадан орнына қою керек деп аян берді. Мен пирамидаларды 2019 жылдың 27 маусымында сала бастадым, Арыстағы жарылыстан кейін. Мен ертерек сала бастағанда, апат болмайтын еді», - деген тілшілерге Бералы Артықәлиев.
Бұл кісі өзін Ресейдің ғылым академиясының профессорымын деп таныстырған. Және пирамидаларды орнату үшін ақшаны Қазығұртты зерттеп жатқан ғылыми-зерттеу институтының қоры бөлді деп отыр. Қазығұрт жалпы, бұрыннан киелі мекендердің бірі болып саналады.
Ал ең бастысы, Қазғұрттағы пирамидаларды тез орнатып бітпесе, әлемнің жеті елінде өте үлкен апат болады-мыс. Бірақ, шенеуніктер ондай «болжамға» сенбей отыр.
«2020 жылдың 18 маусымында біз бұл кісіге хат жолдадық. Құрылысты тоқтаттық. Пирамида салынған жер Жаңабазар ауылдық округінің балансында тұр. Мәселені шешу үшін құжаттарды архитектура бөліміне бердік. Ары қарай мәселені сот шешеді», - деді Қазығұрт ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Сәбит Әлсейітов.
Бералы Артықәлиевке енді заңсыз құрылыс жүргізгені үшін 75 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Бірақ, «жоба авторы» пирамидаларды ешқашан бұзбаймын деген пікірінен таймаған.