ШұғылӨткен тәулікте қанша адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

«Маска, телефон, шпаргалка»: Ақтөбеде магистратураға тапсырушылар түрлі тәртіпсіздікке жол берді

Бүгінге дейін тестілеуге магистратураға тапсырған 616 адам қатысты

Ақтөбе қаласының «U–STUDU» тестілеу орталығында 17 тамыздан бастап магистратураға тапсырушылардың онлайн-емтиханы өтіп жатыр. «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі тестілеу барысында бірқатар тәртіпбұзушылық болғанын хабарлады.

Бүгінге дейін (17-20 тамыз аралығында) тестілеуге 616 адам қатысқан.

«616 адамның 51-і белгісіз себептермен тестілеуге келген жоқ. Металл іздегіш арқылы тыйым салынған заттарды өткізуге және тестілеу кезінде пайдалануға тырысқандар да болды. Ол – телефон мен шпаргалкалар. Осылайша, онлайн тестілеу тапсыру құқығынан 16 адам айырылды», - делінген жазбада.

Тестілеу басталғалы бері сараптама тобының мүшелері күнделікті санитарлық талаптарға сай келмейтін бірқатар тәртіпбұзушылықтарды анықтаған. Мәселен, тестілеу орталығының базасында дезинфекциялық тоннель жоқ. 

«Тестілеуге кіргізер кезде әр адамға бірреттік медициналық маска беріледі. Бірақ санитарлық ережеге сәйкес, олар 2 сағаттан кейін ауыстырылмайды. Ал тестілеу процесі 4 сағатқа дейін созылуы мүмкін. Аудиторияларда дезинфекция үшін кварц шамы орнатылмаған», - дейді кеңсе өкілдері.

Жобалық кеңсе осы жағдайларға байланысты тиісті органдарға ұсыныс хат жіберіп, нәтижесінде барлық ескертулер жойылған.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан