$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.08.2020, 11:56
Қоғам

Мешіттерді кезең-кезеңімен ашу туралы ұсыныс талқыланып жатыр

Бұл туралы ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Мұсабек Ақтамберді айтты

Мешіттерді кезең-кезеңімен ашу туралы ұсыныс талқыланып жатыр
Фото: sputniknews.kz

Түркістан облысында карантиндік режимге байланысты мешіттерге қойылған шектеу шаралары әлі де ұзартылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Мұсабек Ақтамбердінің айтуынша, бұл қатерлі індеттің ел ішінде таралуын болдырмау мақсатында ұйымдастырылып отырған шаруа. Өкіл имам азаматтарды осы мәселеге түсіністікпен қарап, сабырлы болуға шақырды.

Оның сөзінше, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан карантин талаптарын сақтай отырып, мешіттерді қайта ашу туралы ұсыныс берілген.

«Өздеріңізге белгілі, кеше өткен мемлекеттік комиссия отырысында карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қаралды. Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеу шараларын жеңілдету жөнінде ұсыныстар айтылды. Алайда, әлі де тыйым салынған орталықтардың қатарында діни нысандардың бар екендігі мәлім болды. Дегенмен, қазіргі таңда аталған мәселеге қатысты қайта ұсыныс берілді. Ұсынысқа байланысты мешіттерді де кезең-кезеңімен ашу талқылануда. Алла қаласа, жуырда мешіттеріміз қайта ашылады деген үлкен үміт бар», – деді М. Ақтамберді.

Сондай-ақ, облыстың имамы мұндай шектеулер біздің елімізде ғана емес, басқа мұсылман мемлекеттерінде де осындай шешім қабылданғанын сөз етті.

Еске сала кетейік, Мүфтият 14 тамызда құзіретті мекемелерге карантин талаптарын сақтай отырып, мешіттерді қайта ашу туралы ұсыныс берді. Мешіт толымдылығын 30 пайыздан асырмау, 1 келушіге 4 шаршы метр талабын сақтай отырып, мешіттерді кезең-кезеңімен ашу талқылануда.

Серіктес жаңалықтары