Новости спорта, футбол, КПЛ

Ақтауда ата-аналар балаларын қашықтан оқытпаймыз деп шу шығарды

Олар балаларының болашағына алаңдаулы

Ақтауда ата-аналар балаларын қашықтан оқытпаймыз деп шу шығарды

Ақтау қаласында бастауыш сыныпта оқитын балалардың ата-аналары мектепті қашықтан оқымайтындарын айтып мәселе көтерді. Олар елде және өңірде коронавирус инфекциясының таралу қарқыны айтарлықтай бәсеңдегенін, оқушылар үшін мектепті ашу керек екенін айтып отыр, деп жазады «Лада» порталы.

Ата-аналардың айтуынша, бір мезетте үйде бала оқытып және жұмыс істеу мүмкін емес.

«Менің үш балам бар, үшеуі де оқушы. Жаңа оқу жылы келіп қалды, мен олардың бәрін бірдей қалай оқытамын? Жұмысты кім істейді? Сонда, биліктің пайымдауынша, монша мен жағажай басшылары санитарлық талаптарды сақтай алады да, мектеп директорлары сақтай алмай ма? Логика қайда?», - деп ашынды олар.

Олар бар кінә жергілікті билік өкілдерінде деп есептейді.

«Әкімдік ақылға қонбайтын шешім қабылдаған. Біздің балалар бастауышта оқиды, яғни енді ғана қалыптасып келе жатыр, олардың болашағы не болады?», - дейді ата-аналардың бірі.

Олар интернеттің жылдамдығына да шағымданып отыр. Айтуларынша, қашықтан оқыту үшін де жағдай жасалмаған.

«Біздің мұғалімдер сабақтың тақырыбын Telegram-чатқа жіберді де, не істеу керек екенін түсіндірмеді. Өйткені, интернеттің жылдамдығы өте әлсіз. Өздерің Ютубтан көріп алыңдар деді. Бала сабақты мұғалімнен үйренуі керек қой, Ютубтан емес. Соңында сабақтың бәрін ата-ананың өзі істеп шығады, балада білім болмайды. Ал ағылшын тілі сабағы небәрі 3 минутқа созылды, қазақ тілі де солай, қалған уақыттың бәрінде балаларға үй жұмысын істеңдер дейді. Балалар білімді қайдан алады?» - дейді ашулы ата-аналар.

Олар өз сұрағына жауап алу үшін қалалық білім бөлімінің басшысын әңгімеге шақырып отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.