Полиция мас күйінде көлік жүргізген 22 мыңнан астам жүргізушіні анықтады
Президент Қ.Тоқаевтың туиттердегі жазбасынан кейін ІІМ заңды күшейтпек

Биыл 9 айда мас жүргізушілер кесірінен 342 жол-көлік оқиғасы болып, 64 адам қаза тапты және 493 адам жарақат алды.
«Бейбіт күнде мас күйінде көлік басқарған жауапсыз жүргізушілер кінәсінен жолдарда адамдар қаза тауып жатыр. Оларды ақтауға болмайды. Осындай қылмыскерлер лайықты жазалануы тиіс», - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұғымбаев.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері мас күйде көлік жүргізген 22 мыңнан астам жүргізушіне анықтады. Олардың 17 мыңнан астамы автокөлікті басқару құқығынан айырылған. Жүргізушілік құқығынан айырылған әрі мас болған 1 878 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Алайда, қолданыстағы әкімшілік жазалар жүргізушілердің тәртібіне қажетті деңгейде әсер етпейтінін және ЖКО санының төмендемей отырғанын байқатады. Мас күйде көлік жүргізгені үшін жазаны қатаңдату барлық жол қозғалысына қатысушылардың, жүргізушілердің де, жолаушылардың да, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің де қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен, депутаттық корпуспен, жұртшылықпен келісілетін тиісті ұсыныстар дайындалып жатыр.