Атырауда бірқатар нысан жұмысын қайта бастады
Ашылған нысандар қатарында сауда және ойын-орталықтары да бар
Атырау облысында карантин режимі 31 тамызға дейін ұзартылды. Бірақ жұмысы тоқтап тұрған бірқатар нысандардың қызметіне рұқсат берілді, деп хабарлайды Хабар24.
Санитарлық-дезинфекциялық шараларды қатаң сақтай отырып, қоғамдық көліктер де бүгіннен бастап жұмысына кірісті. Қауіпсіздікті қатаң қадағалап, сауда және ойын-сауық орталықтары да ашылып жатыр. Сондай-ақ, алдын ала жазылу бойынша сұлулық салондары, шаштараздар қайта қызмет көрсетпек. Монша мен саунаның да жұмысына рұқсат беріліп отыр. Жабық ғимаратта 30 адам, ашық алаңда 50 адамнан аспайтын шектеумен қоғамдық тамақтану орындары да жұмысын бастайды.
Сонымен қатар, көлік жөндеу, жуу орталықтары да ашылады. Тұрғындарға енді саябақтарда, жағалауда, скверлерде серуендеуге рұқсат. Алайда, осыған дейінгі тәртіп бойынша, демалыс күндері халықтың және қоғамдық көліктердің қозғалысына тыйым салынады. Сенбі-жексенбі күндері сауда және ойын-сауық орталықтарының жұмысына шектеу қойылмақ. Себебі, арқаны кеңге салып, еркінсуге әлі де ерте дейді мамандар.