Қорғаныс министрлігі мен Еңбек министрлігінде әскери қызметтен кеткендер бойынша ортақ база жоқ

Қызметтен кеткен әскерилердің әр бесіншісі ғана өз бетінше жұмыс істеп кетеді

Қорғаныс министрлігі мен Еңбек министрлігінде әскери қызметтен кеткендер бойынша ортақ база жоқ
Фото: gov.kz

Құрылтайда әскери қызметтен кеткен азаматтардың жұмысқа орналасуы мен әлеуметтік бейімделуіне қатысты мәселе көтерілді. Қорғаныс министрлігі қызметтен босағандардың есебін жүргізеді, бірақ Еңбек министрлігімен ортақ ақпараттық базасы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отырыс барысында «Әділет» партиясының депутаты Максим Рожин әскери қызметтен кеткен азаматтардың кейінгі тағдырына мониторинг жүргізу қажет екенін айтты.

«Жүргізілген талдау нәтижелеріне қарасақ, қызметтен кеткен азаматтардың әр бесіншісі ғана өз бетінше жұмыс істеп, азаматтық өмірге араласып кеткен деуге болады. Бұл толық статистика емес деп ойлаймын. Біз олардың қызметтен кеткеннен кейінгі жағдайын бақылауымыз керек. Мәселен, алғашқы үш айда, алты айда немесе бір жыл ішінде жұмысқа орналасты ма, жоқ па – осыны анықтау керек.

Екіншіден, күштік құрылымдардан, соның ішінде Қорғаныс министрлігінен әртүрлі себеппен жұмыстан босатылған әскери қызметшілер мен қызметкерлердің жалпы санына мониторинг жүргізіле ме? Олардың есебі бар ма? Сондай-ақ осы санаттағы азаматтар туралы Еңбек министрлігімен интеграцияланған деректер базасы бар ма? Егер біз бұл адамдардың қайда жүргенін білмесек, оларды ортақ базадан көріп, бақыламасақ, онда қандай жұмыс туралы айтып отырмыз?» – деді Максим Рожин.

Оған жауап берген Қорғаныс министрінің орынбасары Татьяна Савельева ведомство әскери қызметтен кеткен азаматтардың статистикасын жүргізетінін растады.

«Біз әскери қызметтен кеткен азаматтардың статистикасын жүргіземіз, бүгінгі отырыста тиісті деректер ұсынылды. Алайда Еңбек министрлігімен біріктірілген ақпараттық жүйе жоқ, сондай-ақ оларды кейіннен сүйемелдеу тетігі қарастырылмаған. Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйелеріне қатысты бірқатар мәселе бар. Қазір осы олқылықтарды жою бағытында жұмыс істеп жатырмыз», – деді Татьяна Савельева.

Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, мансап орталықтары арқылы әскери қызметтен кеткен азаматтарға қолдау көрсету мәселесін пысықтауға ниетті.

Айта кетейік, дөңгелек үстелде әскери қызметтен запасқа шыққан азаматтарды әлеуметтік бейімдеу, жұмысқа орналастыру, кәсіби қайта даярлау, психологиялық қолдау және әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету мәселелері талқылып жатыр.

Жиында қоғамдық қор «Әскери қызметтен кейінгі бейімделу қауымдастығы» қызметтен босатылатын азаматтарды бейімдеу жұмысын олардың қызметтен кетуіне алты ай қалғанда бастауды және одан кейін бір жыл бойы мансап орталықтары арқылы сүйемелдеуді көздейтін ведомствоаралық ережелер жобасын таныстырды.  Қор мәліметінше, үш жылға жетпейтін уақыт ішінде ұйымға тұрғын үй және тұрғын үй төлемдері, еңбек өтілі мен зейнетақымен қамсыздандыру, жұмысқа орналасу және қызметтен босатуға қатысты шағымдар бойынша екі мыңнан астам өтініш түскен. Қордың көмегімен 200-ден астам адам жұмысқа орналасқан.