Қазақстанда 120-ға жуық бала түзеу мекемесінде білім алуға мәжбүр – тағы 5 500 бала есепке алынған

5 500 кәмелетке толмаған жасөспірім полицияның есебінде тұр

Қазақстанда 120-ға жуық бала түзеу мекемесінде білім алуға мәжбүр – тағы 5 500 бала есепке алынған
Фото: ЖИ жасаған

Құрылтайдағы үкімет сағатында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 119 баланың тергеу изоляторында отырып білім алып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазір 5 500 кәмелетке толмаған жасөспірім полиция есебінде тұр, 3300 жүзге жуық бала жағдайы нашар отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Осыған байланысты нашар отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға тәлімгер бекіту және олармен жеке жұмыс жүргізу тәртібіне қатысты бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірленді.

Жұлдыз Сүлейменова ведомствоның қиын отбасылық жағдайда өмір сүріп жатқан балалар мен полиция есебінде тұрған кәмелетке толмағандарды бөлек санат ретінде қарастырылатынын айтты.

«Бұл бағыттағы жұмысты өңірлік балалардың құқықтарын қорғау басқармалары үйлестіреді. Сонымен қатар әкім орынбасарлары басқаратын кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялар бақылау жүргізіп, есеп береді. Министрлік биыл Жамбыл, Атырау, Жетісу және Қызылорда облыстарында көшпелі отырыстар өткізген. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау үшін соңғы жылдары 11-ден астам заң қабылданған.

«Зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидаты бекітіліп, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді, буллинг пен балалар құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізілді. Өңірлік қорғау органдарының өкілеттігі бекітіліп, мемлекеттік бақылаудың жаңа тетіктері белгіленді. 20 өңірінде психологиялық қолдау орталықтары және 160 отбасыларды қолдау орталығы жұмыс істейді», - деді министр.