Қазақстанда ерекше балаларды қолдау жүйесі өзгереді: Құрылтай депутаттары президенттің Жолдауы аясында заң жобасын әзірледі
Ерекше балаларға көрсетілетін көмек бір платформаға бірігеді
Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін балаларды кәсіптік мамандықтарға оқытып, еңбекке баулу тәжірибесі қалыптасып келеді. Астанадағы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде 2025 жылы 20 түлек оқуын аяқтап, оның сегізі жұмысқа орналасқан. Бүгін осы колледж залында Құрылтай депутаттары, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Спорт және туризм вице-министрлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен ата-аналар қауымдастығы жиналып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы аясында берілген тапсырма – ерекше балаларға кешенді қолдау көрсету мәселесін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиынды ашқан Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясының мүшесі Асхат Аймағамбетов ерекше балалары бар ата-аналар көмек алу үшін мекемелердің табалдырығын тоздырмау керек деді. Сол себепті барлық қызметті бір платформаға біріктіріп, «бір терезе» қағидаты бойынша ұсыну көзделіп отыр.
«Қажетті құжаттар мен ақпаратты мемлекеттік органдар өзара алмасуы керек. Барлық қызметті бір платформаға біріктіріп, «бір терезе» қағидатына көшу қарастырылып отыр. Сондай-ақ ата-аналардың өтінішін күтпей, алдын ала көмек көрсетілуі керек», – деді Асхат Аймағамбетов.
Колледж бітірген соң жұмысқа орналасу оңай емес
Астана қаласындағы «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі» директоры Зәуре Қылышбаеваның айтуынша, оқу орнында 2022 жылдан бері Астана әкімдігінің қолдауымен дамуында ерекшеліктері бар жасөспірімдерге арнайы топтар ашылған. Студенттер тігінші және кондитер мамандықтары бойынша білім алады.
«2025 жылы алғашқы түлектерді шығардық. Барлығы 20 бала бітірді, оның сегізі жұмысқа орналасты. Біз үшін бұл да бір үлкен жетістік. Ерекше жасөспірімдерге арналған білім беру бағдарламасын әзірлеп, министрлікке ұсындық. Бағдарлама қолдау тауып, тиісті реестрге енгізілген. Сонымен бірге, педагогтер мен колледж басшылары біліктілігін көтерді, курс оқыды. Биыл тағы 30 баланы қабылдадық. Екі мамандықта оқып жатыр», - дейді Зәуре Қылышбаева.
Оның сөзінше, балаларды кәсіптік оқытуда шешімін таппаған мәселелер бар. Соның бірі – өндірістік тәжірибеден өту.
«Кәсіпорындардың көбі ерекше студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізуге құлықсыз. Әрине, бізге есігін айқара ашып, шақыратын компаниялар бар. Ол жерлерге біз студенттерімізді өндірістік оқытушымен бірге жібереміз. Содан кейін үлкен қадам басқанда, олар ешкімнің көмегінсіз жұмыс істеп кетеді. Оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасуына да барынша көмектесуге тырысамыз», – деді ол.

Депутаттар қандай шешім ұсынды
Депутат, «Әділет» партиясының мүшесі Шолпан Каринованың айтуынша, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында және Құрылтайдың алғашқы сессиясында ерекше балаларды кешенді қолдау жөнінде тапсырма берген. Депутаттар әзірлеген заң жобасы қазір Үкіметке жолданған. Онда бірнеше мәселе ескерілген.
Шолпан Каринованың сөзінше, ерекше балаларға әр сала бойынша тиісті көмек көрсетіледі, бірақ оны алу қиын. Ата-аналар керек қызметті алу үшін әр мекемеге өздері жүгініп, тиісті мамандар мен қолдау түрлерін іздеуге мәжбүр. Тағы бір мәселе – аутизм спектрі бұзылған балаларды оқыту үшін педагогтарға арнайы әдістемелер жетпейді немесе тым аз.
«Балаларға арналған бірыңғай қолдау маршруты әзірленді. Егер баланың дамуындағы ерекшеліктер анасының жүктілігі кезінде анықталса, ерте қолдау шаралары сол кезеңнен басталады. Сәби дүниеге келгеннен кейін дәрігер оның дамуындағы ерекшеліктерін байқаса немесе бір айлық скрининг нәтижесінде қандай да бір белгі анықталса, кешенді қолдау жұмыстары дереу қолға алынады», – деді Шолпан Каринова.
Оның айтуынша, балаларға көрсетілетін мемлекеттік көмектің барлығы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрлық платформасында біріктірілуі жоспарланып отыр. Бұл жүйеге перзентханалар, емханалар, мектептер, балабақшалар, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (ПМПК) мен түзету кабинеттері қосылады. Осылайша, әлеуметтік қолдау көрсететін мекемелер бір платформада жұмыс істеп, ата-аналарға қажетті қызметтерді бір жерден алады.
Шолпан Каринова болашақта барлық колледжде дамуында ерекшеліктері бар балалардың білім алуына мүмкіндік жасалатынын айтты.
«Балалар балабақшада, мектепте оқып, одан әрі мүмкіндігіне қарай білімін жалғастыра алуы керек. Өмірден өз орнын тауып, еңбек нарығына араласып, қоғамның тең құқылы мүшесі болуы қажет. Біз балаларды осы деңгейге жеткізуіміз керек», – деді Шолпан Каринова.
Қоғамдық ұйымдар ата-аналарға қандай көмек қажет екенін түсіндірді
Жиында сөз алған «Болашақ» корпоративтік қоры Қамқоршылар кеңесінің төрайымы Динара Гапланның сөзінше, шалғайда тұратын отбасылар оңалту орталықтарына жете алмайды.
«Қазір оңалту орталықтары көптеп ашылып жатыр. Бірақ кейбір отбасылар мұндай орталықтардан 200 шақырым қашықтықта тұрады. Сондықтан оларға тұрғылықты жерінде көмек көрсетіп, мамандардың кеңесін алуға мүмкіндік беретін тәлімгерлік және супервизия жүйесін дамыту қажет», – деді ол.
Сондай-ақ Динара Гаплан мінез-құлық аналитиктерінің білім беру ұйымдарында жұмыс істеу тәртібін заңмен бекітуді ұсынды. Мамандарға қойылатын біліктілік талаптары мен олардың міндеттері нақты белгіленуі керек.
Қор өкілі қоғамдық ұйымдар мемлекеттік мекемелер назарынан тыс қалып жатқан мәселелерді жақсы білетінін атап өтті. Мысалы, ата-ана ерекше баласын бір минутқа да көзінен таса қылмайды, оны басқа адамның қарауына аз уақытқа да тастап кете алмайды. Сондықтан демалуға, басқа шаруасын бітіруге мүмкіндік таппай жатады. Осы мәселені шешу үшін Динара Шайжүнісова ата-аналарға баласын белгілі бір уақытқа сеніп тапсыра алатын қысқа мерзімді күтім қызметін ұйымдастырып беруді ұсынды. Сонымен бірге ата-аналарға психологиялық көмек те қолжетімді болуы керек екенін айтты.
Динара Гаплан балаларды ересек өмірге дайындау жұмысына қоғамдық ұйымдарды тарту қажет деп санайды. Атап айтқанда, оларға мамандық таңдауға көмектесу, кәсіптік білім беру, жұмысқа орналасуына қолдау көрсету және өз бетінше өмір сүру дағдыларын үйрету керек.
Оның айтуынша, қоғамдық ұйымдар тек мемлекеттік гранттар аясында жекелеген жобаларды жүзеге асыратын мекеме болып қалмауы керек. Олар балалар мен отбасылардың мәселесін анықтауға, шешу жолдарын ұсынуға және тиімді жобаларды іске асыруға мемлекетпен бірге атсалысуы қажет.
«Біз мемлекеттің орнын басқымыз келмейді. Керісінше, қоғамдық ұйымдар тәжірибеде сынап, тиімді екенін дәлелдеген тәсілдер мемлекеттік жүйеге енгізілсе дейміз», – деді Динара Гаплан
