Бүгін, 14:08
Қоғам

«Бар күшімізді саламыз»: Жеңіс Қасымбек LTR құрылысына байланысты кептелісте тұратын астаналықтарды сабырға шақырды

Қасымбек Tarlan Astana пойыздары келесі жылы Қосшыға қатынап қояды деп уәде берді

«Бар күшімізді саламыз»: Жеңіс Қасымбек LTR құрылысына байланысты кептелісте тұратын астаналықтарды сабырға шақырды
https://www.magnific.com/ru

Астана қаласының әкімі Жеңіс  Қасымбек LTR құрылысына байланысты кептеліс көбейген Айтматов, Сығанақ көшелері мен Тұран даңғылындағы жағдайға байланысты пікір танытып, мәлімет берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дәлірек айтқанда, әкім қарқынды құрылысқа байланысты туындап отырған кептеліске түсіністік танытып, халықтан қолдау сұрады.

«Қазір қала тұрғындарынан Tarlan Astana желісінің екінші кезеңінің құрылысына, нақтырақ айтқанда, Айтматов, Сығанақ көшелері мен Тұран даңғылындағы көлік қозғалысына қойылатын уақытша шектеулерге қатысты сұрақтар түсіп жатыр. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністік танытып, жеңіл рельсті көлік жобасының іске асуына қолдау білдірулеріңізді сұраймын. Құрылысы аяқталған соң Tarlan Astana жолдардағы көлік жүктемесін едәуір азайтып, өткізу қабілетін арттыруға және кептеліс мәселесін шешуге мүмкіндік береді», - деп сендірді Қасымбек.

Ал өз тарапынан ол «құрылысты барынша қысқа мерзімде әрі сапалы аяқтау үшін бар күшімізді саламыз» деп уәде етті. Тіпті, бұл уәдесіне мысал ретінде қазір Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің Қосшы қаласына қарай бағытталған екінші кезеңінің аяқталуыға жақын екенін, келесі жылдың соңына дейін барлық жұмысты аяқтап, осы учаскеде қозғалысты ашамыз дейді.

«Сонымен бірге, Айтматов көшесі мен Тұран даңғылы бойындағы желінің құрылысына белсенді кірісеміз. Құрылыс кезеңінде – осы жылдың соңына дейін және келесі жылы Сығанақ, Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойында көлік жүргізушілеріне уақытша қолайсыздықтар туындайды. Бұл ретте, көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз», - деді кептелісте тұрған астаналықтарды сабырға шақыра отырып.

Жеңіс Қасымбек жаңадан салынып жатқан №201, 202 және 204 станцияларға өзі барғанын, Сығанақ көшесінің бойында орналасқан №201 станцияда екі қабатты, басқа бағытқа ауысып мінуге болатын торап салынатынын хабарлады.

Оның айтуынша, LTR ашылған осы алты жеті айда жолаушылар пойызға 13,8 млн рет мінген.