Түркі мемлекеттері ұйымының әскери одақтардан айырмашылығы неде: сарапшы түсіндірді
Әскери ұйымдардың нақты міндеттері мен құрылымы жарғысында жазылып тұрады
Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының геосаяси жоба немесе әскери құрылым емес екенін бірнеше рет айтқан. Әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы ұйымның құрылу тарихы, мақсаты, әскери-саяси одақтардан айырмашылығы және Қазақстан үшін маңызы жайында пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Түркі мемлекеттері ұйымы алғашында кеңес болып құрылды. 2021 жылдан кейін ұйымға айналды. Осы жылдар ішінде, әскери одақтастық мәселесін, біреуге қарсы әрекет ету, қандай да бір мемлекеттерді, аймақтарды ықтимал қарсылас ретінде көру мәселесін қарастырған емес. Әу бастан ұйым тамырлас, тілі мен тарихы ортақ халықтардың өзара ынтымақтастығы негізінде қалыптасты. Ұйымдағы мемлекеттермен ортақ тарихымыздан бөлек, экономикалық мүддеміз біріктіреді», – деді Амангелді Құрметұлы.
Оның сөзінше, ұйым мүшелерін біріктіретін тағы бір қосалқы фактор – түркі мемлекеттерін әлемдік қауымдастық алдында ортақ мәдени кеңістік ретінде таныту. Ұйым адам капиталын дамыту, кеден, туризм, жастар саясаты, білім мен ғылым салаларында ынтымақтасқан.
Түркі мемлекеттері ұйымы әскери ұйымдардан несімен ерекшеленеді?
«Түркі мемлекеттері ұйымының әскери-саяси одақтардан негізгі айырмашылығы –оның әмбебаптығы. Экономикалық, әлеуметтік мәселелер, ғылым-білім мәселесі, транзит мәселесі, сонымен қатар белгілі мөлшерде сын-қатер, қауіптерге қарсы күрес мәселесі де ескерілген. Ғылым-білімге айрықша көңіл бөлінеді. Парламентаралық байланыс та ұдайы назарда болады», – деді әскери сарапшы.
Ол Түркі мемлекеттері ұйымының жарғысында сыртқы күштерге қарсы әскери әрекет ету не болмаса қорғаныс құрылымын жасақтау туралы ереже жоқ екенін атап өтті.
«Түркі мемлекеттері ұйымының жарғысында қандай да бір сыртқы күштерге қарсы агрессия немесе қорғаныс элементтерін жасақтау туралы ереже жоқ. Бұл ұйымның аясында көптеген іс-шаралар атқарылады. Кеден мәселесінде, медиа мәселесінде бір позицияға көшу, белгілі бір платформаларда ортақтаса жұмыс істеу бар. Әлбетте ұйымға мүше елдер арасында әскери ынтымақтастық бар. Бұл жерде тура Түркі мемлекеттері ұйымының нақты жарғылары тұрғысынан емес, белгілі бір бағыттар тұрғысынан қарастырылған ынтымақтастық. Мысалы, Қазақстан әскери одақтастық мақсатында Түркиямен, Әзербайжанмен, Қырғызстанмен, Өзбекстанмен, Түрікменстанмен жеке ынтымақтастық орнатқан. Түрлі келісімдер, меморандумдар бар. Айталық, Қазақстан мен Өзбекстан әскерлері ара-тұра бірлескен жаттығулар өткізіп тұрады, Түркияда Қазақстан мен Түркияның немесе Әзербайжанның бірлескен оқу-жаттығулары болады. Сондықтан бұлар тікелей ұйым аясындағы ынтымақтастық емес, ұйымға мүше елдердің арасындағы жеке-жеке ынтымақтастық деп бағалауымыз керек», – деді сарапшы.
Ол әскери ұйымдардың нақты міндеттері мен құрылымы тиісті құжаттарда белгіленетінін айтты. Мәселен, НАТО-да ортақ барлау жүйесі, әскери басшылық және әскери базалар сияқты тетіктер бар.
«Әдетте әскери ұйымдардың негізгі белгілері құжаттарда нақты көрініп тұрады. Әскери ұйымдар саяси, экономикалық, транзиттік, әлеуметтік бағыттағы әрекеттермен айналыспайды. Мысалы, НАТО жарғыларында сырттан төнетін түрлі қауіп-қатерлерге қарсы баптар бар, бірақ біріккен энергия жүйесі, транзит жүйесі немесе қаржы айналымы деген мәселелерді қарастырмайды. Мысалы Еуропа одағы 2000 жылдардың басында өздерінің ортақ валютасын шығарды, бірақ ол НАТО-ның ортақ валютасы деген сөз емес. Әскери ұйымдардың бағыты нақты болады. НАТО-да біріккен барлау жүйесі, біріккен әскери басшылық, ортақ базалары деген сияқты көптеген элементтер бар», – деді сарапшы.
Ұйымның геосаяси маңызы артып келе ме?
Амангелді Құрметұлы Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық аренадағы маңызы артып келе жатқанын айтады. Оның пікірінше, ұйымға мүше елдердің шикізат қоры, демографиялық әлеуеті және географиялық орналасуы оны маңызды халықаралық орталықтардың біріне айналдырып отыр.
«Осы үлгіні кеңейтіп, қатарымызға Әзербайжан мен Түркияны тарта отырып, жаңа форматтар қалыптастыруымыз керек. Бұл өз кезегінде инвестиция, қауіпсіздік, транзит, ғарыш, жасанды интеллект, цифрландыру сияқты бағыттарда белгілі бір артықшылықтар мен мүмкіндіктер беретін ұйым.
Түркі мемлекеттері ұйымының мәртебесі артып, ықпалы күшеюіне халықаралық және аймақтық факторлардың әсері бар. Мысалы, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы аясында бейбіт дипломатияны, ымыраға келу позициясын қолдайды. Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің барлығы дерлік БҰҰ-ны реформалауды жақтайды және аумақтық тұтастық қағидатын алдыңғы қатарға қояды. Қазір Иранда, сондай-ақ Таяу Шығыста, Сирияда, Ливияда, Ливанда шиеленісті жағдайлар бар.
Бұл жерде ұйым мүше елдердің бір-бірімен тепе-теңдігін сақтауы тұрғысынан да пайдалы. Мысалы, Түркияның Израильге қатысты позициясы біршама қатаң болғанымен, Қазақстан мен Әзербайжанның Израильмен қарым-қатынасы жақсы. Мұндай жағдайда ұйымның әрекеті бір жаққа немесе екінші жаққа ауытқып кетпеуіне мүмкіндік, яғни бұл ұйым мүше елдер арасында бір-біріне ағалық ету емес, тең дәрежедегі әріптестік қағидатын орнықтырады», – деді ол.
Сарапшы Түркі мемлекеттері ұйымының негізгі саяси ұстанымы әскери күшті арттырудан бұрын экономикалық даму мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталуы керек деп санайды.
«Сондықтан Түркі мемлекеттері ұйымының негізгі саяси ұстанымының астарында «бәріміз бірге дамиық, ғылым мен технологияны дамытып, баршамыз өркендеген елдерге айналайық» деген позиция жатыр. Бұл позиция елдің әскери әлеуетіне де, экономикалық әлеуетіне де, қауіпсіздігіне қатысты барлық мәселеге де оң ықпал етеді деп білемін», – деп түйіндеді ол.