«Жауапты мекемелер 15 құдықтың бетін жапты»: «Әділет» жастары қоғамға қауіп төндіретін заңсыздықтарды анықтаған
Қазақстан бойынша «Қауіпсіз қала» атты ауқымды акция өтіп жатыр
Беті ашық құдық, өрт қауіпсіздігі және тұрғындарға қауіп төндіретін өзге де жайттар. Міне, «Әділет» партиясының жастар қанаты Қазақстан бойынша өткен «Қауіпсіз қала» акциясы кезінде осындай 100-ден астам деректі анықтаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Үш күнге созылған акцияға 2 мыңға жуық жас белсенді қатысқан. Бұған дейінгі рейд нәтиже беріп, жергілікті атқарушы органдар 15-ке жуық ашық құдықтың бетін жапқан. Көкшетау қаласында атқарылған жұмыстың нақты нәтижелері туралы партияның жастар қанаты Ақмола облыстық филиалының консультанты Маржан Мускина айтып берді.
«Беті ашық қалған құдықтардың қақпағын жабу мәселесіне бейжай қарамай, оны шешу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Бұған дейінгі рейд барысында 15-ке жуық қауіпті құдық анықталған. Жауапты мекемелер оның бәрін жапқанын мәлімдеді. Кезекті аралау барысында аталған мекенжайларға қайта барып, құдық қақпақтарының жабылғанына көз жеткіздік», – деді Маржан Мускина.
Ашық құдықтар мәселесін жуырда «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нұрсадық Ергешбек те көтерген болатын. Оның депутаттық сауалындағы деректерге сәйкес, биылдың өзінде жеті бала беті ашық қалған құдыққа құлап кеткен. Ал алғашқы тоғыз айда осындай жағдайларға қатысты 276 әкімшілік іс қозғалған. Осыған байланысты депутат мердігер ұйымдардың жауапкершілігін едәуір күшейтіп, мұндай нысандарды пайдаланудың бірыңғай қатаң талаптарын белгілеуді ұсынды.

«Әділет» жастары сондай-ақ теміржол нысандарындағы қауіпсіздікке де ерекше назар аударған. Қызылордада көлік полициясының аға инспекторы, полиция капитаны Серік Асанов жас белсенділермен бірге тұрғындарға теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
«Теміржолдағы қауіпсіздік – басты назарымыздағы мәселелердің бірі. Жастармен бірлескен түсіндіру жұмыстары жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар тұрғындарды алаяқтықтан сақтандыруға да ерекше көңіл бөліп отырмыз», – деді Серік Асанов.
Акция аясында жас белсенділер көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке тұрғын үй секторын аралап, тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелерін түсіндірді. Сондай-ақ төтенше жағдайлар мен коммуналдық мәселелер бойынша хабарласуға болатын қызметтердің байланыс нөмірлері көрсетілген жадынамалар таратты. Онда «109 – iKomek» бірыңғай байланыс орталығының жұмысы туралы да толық ақпарат берілген.

«Әділет» партиясы жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әр азаматтың саналы әрі жауапты әрекетіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Қауіпсіз әрі жайлы қала қалыптастыру үшін қоғам мүшелерінің белсенділігі, өзара құрметі және ортақ іске деген жанашырлығы маңызды. Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да қоғамның тұрақты дамуы үшін тәртіп, жауапкершілік және сындарлы азаматтық ұстанымның маңызы ерекше атап өтілді. Осы ретте Жастар қанаты қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдап, нақты істер арқылы өз үлесін қосуды жалғастырады », – деді Ержан Хамитов.
«Қауіпсіз қала» акциясы еліміздің барлық өңірінде жалғасады. Партия өкілдерінің айтуынша, қауіпсіз орта бір күнде қалыптаспайды. Ол үшін әр тұрғын өз ауласы мен көшесінің қауіпсіздігіне күнделікті көңіл бөліп, тәртіпті сақтауға және ортақ мәселелерді бірлесе шешуге атсалысуы қажет.

Президент Жолдауында айрықша атап өтілген «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген акция еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласын қамтыды. Жастар бастамасына жергілікті полиция қызметінің, төтенше жағдайлар департаменттерінің және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының өкілдері де қосылды.
Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында бірлескен тексеру барысында қақпағы ашық қалған, адамдарға қауіп төндіруі мүмкін 30-дан астам құдық жабылды. Анықталған өзге де қауіпті нысандар туралы мәліметтер тиісті шаралар қабылдау үшін жауапты мекемелерге дереу жолданды.