Петропавлда жазасын өтеуші қабырғаға Абайдың суретін салды
Ақын бейнесінің биіктігі – 3, ені 5 метр
Петропавл қаласындағы ЕС-164/3 түзету колониясында жазасын өтеуші қабырғаға Абайдың суретін салды. Ақын бейнесінің биіктігі – 3, ені 5 метр. Қайрөш Айтпаев бұл жұмысқа небәрі екі күнін арнапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жазасын өтеуші бұған дейін Абайдың мүсінін жасап, көпшілікті таң қалдырған еді. Енді шебер қазақтың біртуар тұлғасының мерейтойының құрметіне оның суретін салуды жөн көріпті.
«Жазасын өтеудің алғашқы күндерінен бастап сотталушы оптимизм танытып жүр, жұмыссыз отырмайды. Шығармашылықпен айналысады. СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/3 мекемесінің әкімшілігі сотталғандардың ерікті ұйымына «қолданбалы өнер және көркем өнерпаздар секциясына» баруды ұсынды. Ол бірден қабыл алды. Сотталған жазасын жеңілдетілген жағдайларда өтейді, жазасын өтеу уақытында мекеме басшылығы оны еңбекке адал қарағаны және тәрбие іс-шараларына белсенді қатысқаны үшін бірнеше рет көтермеледі», - дейді СҚО ҚАЖД ЕС-164/3 мекемесінің бастығы Тамерлан Валиев.
Қайрөш Айтпаев бала кезінен сурет салып, түрлі мүсіндер жасағанды жақсы көреді екен. Жаны поэзияға жақын. Абайдың 15 өлеңін жатқа біледі. Ол өзінің суретін Абайдың 175 жылдық мерейтойына тарту болғанын айтады.
«Биыл ұлы ақынның мерейтойы. Бұл тарихи датаға өз үлесімді қосқым келді. Осы сурет арқылы ақын поэзиясына деген сүйіспеншілігімді білдірдім. Оның шығармаларының терең мағынасын көрсету мақсатында суреттің жанына қара сөзінен үзінді жаздым», - дейді суреттің авторы.
Сурет контур қарындашпен салынған. Одан бөлек ақ, қара және қоңыр түсті бояулар қолданылыпты. Автордың айтуынша, қабырғаға портрет бейнелеудің жалғыз қиындығы – бояу тез ағып кетеді, сондықтан болмашы ғана қателік кетсе, сурет түгел бүлінеді.
«Абайдың қара сөздерін оқыған сайын рухани азық аламын. Жасаған ісіме өкінемін. Тағайындалған жазаның бір жылы өтті, енді екі жыл бар. Қызыммен қауышар күнді асыға күтемін. Түзету мекемесінде маған шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік барына қуаныштымын», - дейді Айтпаев.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО